Астанада кәсіпкерлер энергетика саласының өкілдерімен кездесті

Астанада AMANAT партиясының Кәсіпкерлер қанаты энергетика саласының өкілдерімен кездесті.

Жиын барысында тариф саясатын жетілдіруден бастап, энергетикалық кәсіпорындарды кадрмен қамтамасыз етуге дейінгі маңызды мәселелер талқыланды. Бірлескен жоспарлар құрылды. Кездесуге Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, сондай-ақ Мәжіліс депутаттары, салалық қауымдастықтар мен энергетикалық компаниялардың басшылары қатысты. Партияның өңірлік филиалдары бейне конференция арқылы қосылды. Бүгінде ел аумағында энергетика саласында шамамен 100 мың адам еңбек етеді. Мәжіліс спикері, AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов энергетика саласы мемлекеттің орнықты дамуында стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Бүгін біз осы салада сіздерді толғандырған негізгі мәселелерді қарастырдық. Энергетика министрі атап өткендей, жағдайды реттеу мақсатында Үкімет тарапынан жүйелі шаралар қабылдануда. Бұл мәселе Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Біз саяси партия ретінде және сіздер кәсіби қауымдастық ретінде бірлесіп, тиімді тепе-теңдік табуымыз керек. Салаға инвестиция тарту, болжамды ережелер қалыптастыру және қаржы қайтарымын қамтамасыз ету үшін түсінікті жағдай жасау қажет. Алайда азаматтардың мүддесі, тариф саясатының әділдігі, әлеуметтік тұрақтылық және жүктеменің артуы ауыртпашылық ететін азаматтарға атаулы қолдау көрсету мәселелері де аса маңызды. Сондықтан сіздердің тараптарыңыздан көтеріліп отырған мәселелердің шешім табуы енді партиямыздың назарында болады.