Таиландта Қазақстан туралы туристік жолсілтеме таныстырылды

Таиландта алғаш рет тай тілінде Қазақстан туралы туристік жолсілтеме таныстырылды.

Бұл басылым тай аудиториясын еліміздің мәдениеті және табиғатынан хабардар етеді. Іс-шараға Таиланд Сыртқы істер министрлігінің аппарат басшысы Чакриенорратип Севикул қатысып, бірлескен бастамалар әріптестікті дамытуға зор ықпал ететінін айтты. Ал еліміздің Таиландтағы Елшісі Марғұлан Баймұхан туризм саласындағы ынтымақтастық тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. Бағдарлама аясында тай блогерлері мен «Қазақ-Тай альянсы» қауымдастығының өкілдері Қазақстанға жасаған қызықты сапарларымен бөлісті. 2025-2026 жылдары Таиландқа саяхаттаған қазақстандықтардың саны 175 мыңнан асты. Туристік ағынның өсуіне қос мемлекет арасындағы тікелей әуе қатынасы да әсер еткен. Қазір Бангкок пен Алматы, Шымкент қалалары арасында, сондай-ақ Пхукет пен Астана, Алматы бағыттары бойынша аптасына 23 тікелей рейс жүзеге асырылады. 

Марғұлан Баймұхан, Қазақстанның Таиландтағы Елшісі:

- Біздің мақсатымыз – тай туристерін көбірек Қазақстанға әкелу. Қазақстанның туризмін көрсету, өңірлерді көрсету. Соған байланысты кітабымыз шықты. Мазмұны өте үлкен, терең. Практикалық ақпараттар бар ішінде. Менің ойымша, ол да бір жақсы инвестиция. Себебі әр турист әр мемлекетте 1 мың доллардан көп ақша қалдырады.