Орталық Азия елдері жазғы суару маусымына су бөлу кестесін бекітті

Фото: gov.kz

Ташкентте Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның су-энергетика салалары басшыларының келіссөздері аяқталды. Кездесу қорытындысы бойынша үшжақты хаттамаға қол қойылды, деп хабарлайды «24KZ».

Құжатта алдағы екі айға Тоқтоғұл су қоймасынан су жіберудің келісілген көлемдері мен режимдері бекітілді.

Қазақстан делегациясын Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бастап барды. Сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстанның тиісті ведомство басшылары қатысты.

Кездесуде вегетациялық кезеңде оңтүстік өңірлерді суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Қабылданған хаттама су жіберу кестесінің сақталуына кепілдік беріп, фермерлер үшін маусым басындағы тәуекелдерді азайтады.

Аграрлық маусым соңына дейін тұрақты су жеткізуді қамтамасыз ету үшін тараптар кезең-кезеңімен жұмыс істеуге уағдаласты. Келесі кездесу маусым айының ортасында Бішкекте өтеді.

Жалпы, қол жеткізілген келісім мемлекетаралық су-энергетикалық теңгерім тетігінің тиімділігін растады. Бұған дейінгі кезеңде Қазақстан Қырғызстанға 1,5 млрд кВт·сағаттан астам электр энергиясын жеткізген болатын.