Парламент Астана мәртебесін айқындайтын заң жобасын мақұлдады

Фото: depositphotos.com

Парламент «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды «24KZ». 

Құжат елорданың құқықтық мәртебесін нақтылап, басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған.

Заң жобасы Мемлекет басшысы айқындаған конституциялық реформалардың жалғасы ретінде әзірленген. Онда Астана тек әкімшілік орталық емес, саяси, экономикалық және инвестициялық белсенділіктің негізгі шоғырланған орталығы ретінде айқындалады.

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтің айтуынша, елорданың қарқынды дамуы басқару тәсілдерін жаңғыртуды қажет етеді.

Астананың ерекше мәртебесін айқындау мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға және тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыруға бағытталған, – деді ол.

Жаңа заңға сәйкес, астана мәслихаты мен әкімдігінің өкілеттіктері нақтыланып, бірқатар салалар бойынша құзыреттері кеңейтіледі. Олардың қатарында сәулет, қала құрылысы, жол қозғалысы, экология, әлеуметтік қорғау және коммуналдық меншік салалары бар.

Сонымен қатар қала маңы аймағының шекарасы мен оны пайдалану тәртібі Үкімет деңгейінде айқындалады. Бұл ретте жергілікті органдардың бірлескен ұсыныстары ескеріледі.

Астанада көлік инфрақұрылымын басқару, жол қозғалысын ұйымдастыру және автотұрақ кеңістігін реттеу функциялары Жол жүрісін ұйымдастыру орталығы арқылы жүзеге асырылады, – деді вице-министр.

Сондай-ақ заң жобасында Астананың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыруға ерекше назар аударылған. Құрылыс, реконструкция және абаттандыру жұмыстары дизайн-код талаптарына сәйкес жүргізіледі. Осы бағытта Сәулет-қала құрылысы кеңесін құру жоспарланып отыр.

Кеңес қала дамуының сәулеттік және көркемдік келбетін үйлестірумен айналысады. Сонымен қатар орманды-саябақ аймақтарында экологиялық талаптар күшейтіледі.

Вице-министрдің айтуынша, бұл заң Астананың елдің саяси, әкімшілік және экономикалық орталығы ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.