ТМҰ цифрлық дамуды күшейтеді
Түркі мемлекеттері ұйымындағы цифрлық ортаның жоғары технологиялық деңгейі жүйелі әріптестікке берік негіз қалыптастырып отыр.
Бұлай деп қырғызстандық сарапшылар пікір білдірді. Ұйымға мүше елдердің әрқайсы мемлекеттік сектордан бастап жекеменшік салаға дейін түрлі бағыттарды цифрландыруға көшкен. Бұл тұста әсіресе, өнеркәсіп, банк секторы және бизнес бағыттары белсенді. Сарапшылардың айтуына қарағанда цифрлық мүмкіндіктер Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің экономикалық мүдделерін ілгерілету үшін дерек алмасудың ортақ әрі әмбебап тіліне айналуы мүмкін.
Гладис Темирчиева, медиасарапшы:
- Түркі мемлекеттері ұйымы тек терең тарихы және тіл ұқсастығына негізделген мәдени ұйым ғана емес. Енді технологиялық ынтымақтастыққа бағытталған жаңа алаңға айналып келеді. Ұйымға мүше елдер жаһандық үрдістерге бейімделуден бөлек өз бастамаларын ұсынып, бәсекеге қабілетті екенін көрсетіп отыр.