Парламент сайлау жүйесіне қатысты жаңа өзгерістерді қабылдады
Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар сайлау жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар заңнамалық түзетулерді қабылдады, деп хабарлайды «24KZ»
Парламент «Қазақстан Республикасының заңнамасын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру, сайлау және прокуратура туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңды екінші оқылымда мақұлдады. Құжат өткен сайлау науқандары барысында анықталған өзекті мәселелерді ескере отырып әзірленген.
Түзетулерге сәйкес, әкімшілік-аумақтық бірліктер қайта құрылған жағдайда сайлау комиссияларының өкілеттіктерін сақтау және олардың ауысу тәртібі нақтыланады. Сондай-ақ аумақтық комиссия мүшелеріне қатысты бала күтіміне байланысты немесе оқу демалысы кезеңінде өкілеттіктерді уақытша тоқтата тұру және олардың орнына уақытша мүшені тағайындау тетігі енгізіледі.
Бұдан бөлек, әкім лауазымына үміткерлер тең дауыс жинаған жағдайда қайта дауыс беру өткізу тәртібі айқындалды. Сонымен қатар кандидаттарды ұсыну процесі жүйеленіп, бір адамның бір мезетте әрі мәслихат депутатығына, әрі әкімдікке кандидат болуына тыйым салынды. Сондай-ақ бір тұлғаның бірнеше сайлау округі бойынша әкімдікке кандидат ретінде ұсынылуына да шектеу қойылады.
Сайлау алдындағы үгіт-насихатқа қатысты нормалар да нақтыланды. Енді кандидаттар үгіт материалдарын өздерінің интернет-ресурстарында және әлеуметтік желілердегі парақшаларында жариялай алады. Сонымен бірге кандидаттар мен саяси партияларға сайлау қорынан тыс қаржы тартуға тыйым салу нормасы сақталады.
Дауыс беру, дауыстарды санау немесе сайлау қорытындыларын анықтау барысында заң бұзушылықтар анықталған жағдайда жекелеген сайлау учаскелерінде немесе әкімшілік-аумақтық бірліктерде сайлауды жарамсыз деп тану жөніндегі Орталық және аумақтық сайлау комиссияларының құзыреті кеңейтілді.
Сонымен қатар азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында үздіксіз өндірістік циклде жұмыс істейтін кәсіпорындарда және вахталық әдіспен жұмыс істейтін ұйымдарда сайлау учаскелерін ашу мүмкіндігі қарастырылды.
Дауыс беру күні бюллетеньді фото немесе видеоға түсіруге және оны таратуға тыйым салу ұсынылып отыр. Бұл әрекет сайлау алдындағы үгіт-насихат нормаларын бұзу ретінде қарастырылады.
Түзетулердің тағы бір блогы конституциялық реформаларды іске асыруға бағытталған. Атап айтқанда, Құрылтай институтын енгізу, сайлау жүйесін жетілдіру, өкілеттіктерді қайта бөлу, сондай-ақ жалпыхалықтық референдум өткізу тетіктерін дамыту сияқты бағыттар қамтылған