Қазақстанда техникалық білім беру жүйесі жаңарады

Фото: depositphotos.com

Парламент Мәжілісі Сенат депутаттары бастамашы болған техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, сондай-ақ халықтың көші-қоны мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды «24KZ»

Заң жобасының техникалық және кәсіптік білім беру саласына қатысты бөлігіне сәйкес, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігіне ТжКБ ұйымдары үшін жалпыға міндетті оқу модульдерін әзірлеу және бекіту құзыреті беріледі. Сонымен қатар, білім беру бағдарламаларын әзірлеу процесіне жұмыс берушілерді тарту көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, кәсіптік біліктілікті растау орталықтарын аккредиттеу функцияларын «Атамекен»  ұлттық кәсіпкерлер палатасынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беру ұсынылады.

Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар жанындағы Ұлттық біліктілік жүйесіне қатысушылар құрамына аккредиттеу органдарының орнына жұмыскерлер өкілдерін енгізу жоспарланып отыр.

Жалпы, заң жобасы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін еңбек нарығының сұранысына жақындатуға және кәсіби біліктілікті растау рәсімдерін жетілдіруге бағытталған.