«Air Astana»-ның бұрынғы басшысы Тимур Турловтың командасына өтті

 «Air Astana» авиакомпаниясының бұрынғы басшысы Питер Фостер Қазақстанда жаңа лауазымға ие болды, деп хабарлайды «24KZ».

 Ол жүк тасымалымен айналысатын «Alatau Air Cargo» авиакомпаниясының директорлар кеңесінің жаңартылған құрамына енді. Ал директорлар кеңесінің жаңа төрағасы болып Тимур Турлов сайланды. 

Компания акционерлерінің шешімімен Питер Фостер авиакомпанияның тәуелсіз директоры болып сайланды. Осылайша, Турловтың жаңа логистикалық жобасының тізгінін авиация саласында 19 жылдық тәжірибесі бар маман қолға алмақ.

Еске сала кетейік, Питер Фостер 2024 жылдың басында «Air Astana» президенті лауазымынан кеткен болатын. Ол бұл қызметті 19 жыл бойы үздіксіз атқарып, Қазақстанның азаматтық авиациясын дамытудағы негізгі тұлғалардың біріне айналды.

Енді оның халықаралық деңгейдегі көпжылдық тәжірибесі еліміздегі жүк авиатасымалы саласын өркендетуге бағытталмақ.