Парламент Палаталарының соңғы бірлескен отырысы өтетін күн белгіленді

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов Палаталардың бірлескен отырысын шақыру туралы ресми Өкімге қол қойды, деп хабарлайды "24KZ".

Маңызды саяси жиын ағымдағы аптаның соңына жоспарланған.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысы 2026 жылғы 26 маусымда сағат 10:00-де Астана қаласында шақырылсын», – деп жазылған Өкім мәтінінде.

Әдетте, Парламент сессиясының соңында (маусым айының соңғы күндерінде) өтетін мұндай бірлескен отырыстарда Палата депутаттары Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның өткен жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін тыңдап, бекітеді, сондай-ақ Парламенттің осы сессиядағы заң шығару жұмыстарының қорытындысын шығарады.