Елорданы дамытуға ₸16,2 млрд бөлінді
Елорданың инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға Үкімет резервінен 16,2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.
Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Бөлінген қаржының 8,7 миллиард теңгесі су бұру жүйесін салуға жұмсалады. Жоба шеңберінде Есіл ауданындағы тазарту құрылыстарынан Қарабидайық көліне дейінгі кәріз коллекторы қайта жаңғыртылады. Ұлы Дала, Хусейн бен Талал, Шыңғыс Айтматов көшелері мен Тұран даңғылы бойынан Есіл өзеніне дейін тазартылған ағын суларды ағызатын коллектор салынады.
Олжабек Бейсов, Астана қаласы Коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:
- Көзделген жұмыстарды жүзеге асыру 4,5 мың гектар аумақтағы жерүсті және дренаж суларын бұруға, сондай-ақ тәулігіне 70 мың текше метрге дейінгі суды тазартатын нысандардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, 7,5 миллиард теңге энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталады. Бұл қаражатқа «Қарлығаш» қосалқы стансасы салынып, №2 жылу электр орталығындағы №1 турбоагрегат жаңартылады.
Мақсат Есмағұлов, Астана қаласы Энергетика басқармасы басшысының орынбасары:
- Аталған станция бізде жаңа вокзал мен «Телман» тұрғын алабының маңын электрмен жабдықтауға мүмкіндік береді. Бұл жоба 80 мыңнан астам тұрғынды қосымша энергиямен қамтуға мүмкіндік береді. Станция іске қосылғанда денсаулық сақтау, білім беру объектілерін іске қосуға мүмкіндік аламыз.