Бір палаталы Парламент жауапкершілікті күшейтеді

Парламенттік реформаның басты мақсаты – билік институттарын халыққа жақындатып, шешім қабылдау үдерісін ашық әрі қолжетімді ету.

Халықаралық сарапшылар осылай дейді. Елде 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енді. Жаңартылған Ата заңға сәйкес, Қазақстанның заң шығару жүйесі түбегейлі өзгеріп, екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай құрылады. Сарапшылардың пікірінше, бұл заң шығару үдерісін оңтайландырып, депутаттардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңа Ата заң негізінде өтетін Құрылтай сайлауы саяси жаңғыруға серпін береді. Заң шығарушы орган құрамына халықтың шынайы мүддесін қорғайтын азаматтар шоғырланады.  Армян тұрақтылық және мемлекеттік басқару институтының жетекшісі осылай дейді. Геворг Меликянның айтуынша, жаңа Конституцияда көзделген пропорционалды сайлау жүйесі саяси партиялардың ролін күшейтіп, заң шығару ісіндегі жауапкершілігін арттырады.

Геворг Меликян, армян тұрақтылық және мемлекеттік басқару институтының жетекшісі:

- Бір палаталы Парламент жүйесіне көшу заң шығару үдерісін едәуір жеделдетіп, артық бюрократиялық кедергілерді жоятыны анық, алайда бұл міндетті түрде заңдардың сапасына кері әсер етеді деген сөз емес. Керісінше, бұған дейін заң жобалары екі палата арасында біршама уақыт талқыланып, саяси жауапкершілік те қос палатаға бөлініп келсе, жаңа модель бойынша бүкіл құқықтық жауапкершілік бір органға жүктеледі. Бұл әр депутаттың әр құжатқа аса үлкен жауапкершілікпен қарауына септігін тигізеді деуге болады. Оның үстіне заң жобаларын жан-жақты сараптаудан өткізетін Құрылтайдың ішкі сүзгілері де бар.

Ал ҚР Жогорку кенешінің экс-спикері Зайнидин Құрманов құрылтай ұғымы қазақтың саяси мәдени жадында ұлттың ұжымдық еркі мен тарихи жауапкершілігін білдіретін жоғарғы кеңес формасы ретінде орныққаннын айтты. Бұл атау Парламентті тек заң шығаратын орган ретінде емес, ұлттық консенсус пен қоғамдық сенімнің институционалдық алаңы ретінде қайта пайымдауға мүмкіндік береді дейді. 

Зайнидин Құрманов, тарих ғылымдарының докторы, профессор, КР Жогорку кенешінің экс-спикері:

- Қазақстан Парламентінің Құрылтай атауына қайта оралуы тарихи тұрғыдан негізделген әрі орынды шешім. Бұл қазақ халқының ұлттық болмысын айқындай түседі. Қырғызстанда конституциялық реформа он рет жүргізілді. Сол кезде мен парламенттің жоғарғы кеңес емес, оның мәнін дәл ашатын ұлттық атаумен аталуы керектігін бірнеше рет айттым. Өкінішке орай, еліміздің саяси элитасы кеңестік Жоғарғы Кеңес пен ұлттық парламенттің айырмашылығын, оның қандай институтқа айналуы керектігін толық түсіне алмады.

Құрылтайдың құрамына партиялық тізімдер бойынша бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутат кіреді. Оның жұмысы 8 бейінді комитет арқылы жүргізіледі. Депутаттар барлық заң жобаларын үш оқылымда қарауы тиіс. Бірінші құжаттың жалпы тұжырымдамасын талқылау, екінші - әрбір бапты және ұсынылған түзетулерді егжей-тегжейлі қарау және заң жобасының Конституцияға сәйкестігін тексеріп, қорытынды дауыс беру. Бұл формат заң шығару процесін ашық әрі тиімді етеді, дейді сарапшылар.

Әлішер Әли