Сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталды

Елде сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталды. Енді Құрылтай сайлауына түсетін партиялар өңірлерді аралап, өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырады.

Науқан тамыздың 21-нен 22-не қараған түні сағат 00:00-де аяқталады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында Ляззат Сүйіндік мәлімдеді. Комиссия мүшесінің айтуынша, дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді суретке түсіруге және таратуға тыйым салынады. Сондай-ақ бүгін Құрылтай депутаттарының сайлауына арналған бюллетеньде саяси партиялардың орналасу реті анықталды. Жеребе тарту рәсімін Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман өткізді. Рәсім барысында саяси партиялардың өкілдері мемлекеттік тілдегі атауларының әліпби тәртібімен кезекпен шақырылып, ішінде нөмірі бар жабық конвертті өз қолдарымен таңдады. Шыққан нөмірге сәйкес, партиялардың атауы сайлау бюллетенінде орналастырылады.

Мұхтар Ерман, Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

- 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс беру кезінде сайлау бюллетеніндегі саяси партиялардың атаулары мынадай тәртіппен орналастырылатын болады: 1. "Әділет" партиясы, 2. "Жалпыұлттық социал-демократиялық партия", 3. "Қазақстан Жасылдар партиясы" (Байтақ), 4. "Қазақстан Халық партиясы", 5. "Ауыл" партиясы, 6. Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясы, 7. "Respublica" партиясы.

Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысатын партиялық тізімдерді тіркеу аяқталды. Жеті саяси партияның тізіміне жалпы 545 кандидат енгізілді. Оның 172-сі - әйел, 373-і - ер адам. Сондай-ақ тізімде 19 ерекше жан мен 35 жасқа дейінгі 74 кандидат бар. Олардың орташа жасы - 45-те.