Партиялар мен тұрғындар азық-түлік қауіпсіздігін талқылады

Құрылтай сайлауына санаулы күн алды. 

Үміткер партиялар елді мекендерді, ауыл-аймақты аралап, халықты сайлауалды бағдарламаларымен таныстыруда. Бірі медициналық орталықтарға бет бұрса, енді бірі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерімен жүздесіп, тұрғындардың базынасына құлақ түрді.

«Әділет» партиясы Астанадағы ТКШ өкілдерімен кездесті

«Әділет» партиясы сайлауалды кездесулерін жалғастыруда. Депутаттыққа кандидаттар Астанадағы мүлік иелерінің бірлестігі және пәтер иелері кооперативі өкілдерімен кездесті. Панельдік сессиялар барысында қатысушылар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелер мен заңнамалық бастамаларды талқылады. Сондай-ақ партия мүшелері сайлауалды бағдарламаларының негізгі бағыттарын таныстырды.

Екатерина Смышляева, «Әділет» партиясының өкілі:

«Бүгін өте мазмұнды әңгіме болды. Әр өңір өз мәселесін алып келген екен. Өйткені, шын мәнінде, еліміздегі тұрғын үй қоры біркелкі емес. Астана қаласын алып қарайтын болсақ, оң жағалау мен сол жағалаудағы тұрғын үй қорының өзі екі түрлі. Ал өңірлерді айтпағанның өзінде, кей жерлерде аз қабатты, пәтер саны аз үйлер салынып жатсар, бүгінде ірі мегаполистерде үлкен тұрғын үй кешендері бой көтеруде. Яғни тұрғын үй қорының жасы да, оның бұрынғы күтім сапасы да әртүрлі».

ҚХП өкілдері зейнеткерлермен кездесті

Қостанайда Қазақстан Халық партиясы өкілдері зейнеткерлермен кездесті. Жиын барысында партияның алдағы мақсат-міндеттері, сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары таныстырылды. Негізінен әлеуметтік салаға қатысты мәселелер сөз болды. Медицина, білім берудегі түйткілдер ашық айтылып, оларды шешудің тетіктері талқыланды. Сондай-ақ ауыл аймақтың әлеуетін арттырып, тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту бағытындағы партияның жұмыс бағдары жайлы пікір алмасты. 

Нұржан Биякаев, ҚХП атынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

- Сайлаушылар, негізінен ауыл тұрғындары шағын мектептер, онда  оқитын балалардың жағдайы, елді мекендерде медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі сияқты мәселені жиі көтереді. Осыларды нақты шешу үшін заңға өзгерістер еңгізу керек. Дұрыс жүйеленіп, қабылданған заң арқылы ғана бұл мәселелерді жөнге келтіруге болады.

 «Ақ жол» партиясының өкілдері медицина мамандарымен кездесті

Шымкентте «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері №1 қалалық клиникалық ауруханаға барып, медицина қызметкерлерімен кездесті. Кандидаттар дәрігерлерге саяси ұйымның бағдарламасын, мақсат-міндеттерін, бағытын таныстырып, жадынама материалдарын таратты. Жиында кадр тапшылығы, медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру жайы сөз болды. Ашық диалог форматында өткен жиында сала мамандары қордаланған тақырыптарға қатысты өздерінің ұсыныс-пікірлерін айтып, өзекті сауалдарын қойды.

Бақдәулет Мәлімов, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

"Партиямыздың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарымен таныстырып, сайлаушыларымыздың алдында сұрақтарының барлығына жауап бердік. «Ақ жол» демократиялық партиясының Шымкент қалалық филиалы одан әрі үгіт-насихат жұмысын жалғастыратын болады. Басқа да мекемелермен, білім саласының мекемелерімен".

«Ауыл» партиясының өкілдері ауыл тұрғындарымен жүздесті

«Ауыл» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы Торанғұл ауылындағы шаруашылық ұжыммен жүздесті. Партия өкілдері қала мен ауылды бірдей дамыту, өңірлер арасындағы алшақтықты азайту және адамның тұрғылықты жеріне қарамастан өмір сүруіне, еңбек етуіне әрі өз мүмкіндігін жүзеге асыруына тең жағдай жасау жайында сөз қозғады. Сондай-ақ жиында мал шаруашылығын, қайта өңдеу саласын дамыту, отандық тауар өндірушілерді қолдау, азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыз су мәселесі талқыланды. Партия өкілдері тұрғындармен пікір алмасып, ауылдық жерлерде қандай түйіткілді мәселелер барын бағамдады.

Қанат Асқаров, «Ауыл» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

"Торанғұл еліне келдік. Осы жерде көріп, халыққа тоже түсініктеме, түсіндірмелер жүргіздік. Біздің партияның жоспарын айттық. Айдың ішінде біраз жұмыстар істелді". 

ЖСДП мүшелері тұрғындармен кездесті

Абай облысында жалпыұлттық-социал демократиялық партиясы Көкпекті ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиында Құрылтай депутаттығына кандидат сайлау алды бағдарламасын таныстырып, әлеуметтік мәселелерді тыңдады.

Ал Петропавлда саяси ұйым  өкілдерінің қатысуымен "Жаңа Қазақстан: Құрылтайға сайлау - азаматтардың дауысы" атты дөңгелек үстел өтті. Жергілікті белсенділердің айтуынша, Құрылтай сайлауы елдегі демократиялық институттардың дамуына тың серпін беріп, әрбір қазақстандықтың жауапкершілігін арттырады. Бұл қоғамда саналы азаматтық ұстаным қалыптастыруға оң ықпалын тигізеді. "Сондықтан алдағы саяси науқанның маңызы өте зор", - дейді олар. Ұйым өкілдері тұрғындардың жеке сұрақтарын да назардан тыс қалдырмайды.

Александр Павлов, ЖСДП СҚОФ төрағасы:

- Бізге келген тұрғындар сан алуан мәселе көтереді. Оның басым бөлігі жер үлесі, экология, жол инфрақұрылымы, интернет алаяқтығына байланысты. Мамандар әр шағым бойынша құқықтық кеңес беріп, мүмкіндігіне қарай шешуге тырысады. Бұл жұмыс тұрақты түрде жалғасын табады.

"Байтақ" партиясының өкілдері экологтармен кездесті

"Байтақ" партиясының сайлауалды үгіт-насихат іс-шаралары Астанада жалғасты. Бұл жолы партия өкілдері «Жасыл аймақ» ұйымының қызметкерлерімен кездесті. Жиында саяси ұйымның бағдарламасы таныстырылды. Кездесу барысында экологиялық мәселелер де көтерілді. Қала ішін абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын уақытылы бастауға қатысты ұсыныстар айтылды. Кездесу ашық диалог форматында өтті. Жиынға қатысушылар экология саласына қатысты өздерін толғандырған мәселелер бойынша сауалдарын қойды. 

Нариман Баубек, "Байтақ" партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы:

- Бүгінгі жиынның мен үшін маңызы зор. Себебі мұнда экологиялық түйткілдерге бей-жай қарамайтын азаматтар жиналды. Мен өз баяндамамда қазіргі ғаламдық экологиялық ахуал қаншалықты қиын екенін түсіндіруге тырыстым. Бұл тек сөз жүзінде ғана көтеріп, қоя салатын дүние емес. Ғалымдар 2030 жылға қарай су тапшылығы болады деп болжап отыр. Бұл алаңдатарлық тақырып. Сондықтан бұл істе бірігіп әрекет ету маңызды.