МӘМС жүйесінде ₸4 млрд үнемделді

МӘМС жүйесінде 4 миллиард теңге көлемінде негізсіз шығын мөлшері қысқартылды.

Мемлекет басшысының цифрлық құралдарды қолдана отырып, бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларына сәйкес, Үкімет қаржылық тәртіпті күшейтуге және негізсіз төлемдерді қысқартуға қатысты бірқатар шара қабылдады. Нәтижесінде әлеуметтік салада медициналық көмек пен жеке білім беруді қаржыландыру тәсілдері қайта қаралып, цифрлық құралдар заңбұзушылықтарды ерте анықтауға, қолмен есептеулерді алып тастауға және бюджетті нақты көрсетілген қызметтерге ғана бағыттауға мүмкіндік берді. Биыл алғашқы жартыжылдықта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 4 млрд теңгеден астам сомаға қате аударым жасалғаны белгілі болды. Жеке мектептерді қаржыландыруда қолмен есептеу тәсілдерін алып тастау және ашық цифрлық құралдарға көшудің арқасында 8 млрд теңгеге жуық қаржы үнемделді.

Қайрат Орынханов, «Қаржы орталығы» АҚ Басқарма төрағасы аппаратының басшысы:

- 2020 жылы елімізде 203 жекеменшік мектеп болса, 2025 жылға қарай 745 мектепке дейін артты. Мектептер санының өсуімен қатар мемлекеттік қаржыландыру көлемі де айтарлықтай ұлғайды. Бұл қаржыландыруды қолмен әкімшілендіруден деректерге негізделген ашық жүйеге көшудің қажеттілігін туындатты. Осыған байланысты 2025 жылдың күзінде орта білім цифрлық сервисі іске қосылып, жекеменшік мектептерді жан басына шаққандағы қаржыландыруды ҚР Қаржы министрлігінің Е-Қазына платформасына көшірілді.

Медициналық ұйымдарға бақылау күшейе түсті

Бұған қоса Астана қаласында Qalqan жаңа цифрлық платформасы пилоттық жоба ретінде іске қосылды. Жоспарлау мен сатып алудан бастап медициналық көмекті бақылау мен төлеуге дейінгі барлық әрекет платформада бірыңғай цифрлық контурға біріктіріледі. Қазір 200-ден астам емханада Qalqan арқылы медициналық көмектің 92 түрінің жиырмасы бойынша төлем жүргізіліп, тағы 60 түрі сынақтан өтіп жатыр. Жыл соңына дейін барлық жария етілген көмек түрін өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарланып отыр. Платформа қаржылық бақылау құралы ғана емес, медициналық ұйымдарға көмек көрсетуге, оның ішінде созылмалы кредиторлық берешек пен дәрігерлерге әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Бақытжан Абдуллаев, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

- Qalqan платформасы деңгейінде тек қана бақылауды ғана күшейту емес, сонымен қатар жүргізілген медициналық көмектің сапасына және оған жұмсалған қаражаттың тиімділігін бақылау болып табылады. Екінші жартыжылдықта тек қана осы айтылған 4 бизнес процесті жылдың соңына дейін барлық медициналық ұйымдарды осы Qalqan платформасында қаржыландыру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз: