Айбек Дәдебай Құрылтай төрағасы болып сайланды

фото: Ақорда

«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай алғаш құрылған Құрылтайдың спикері болып сайланды, деп хабарлайды 24KZ.

Оның кандидатурасын бүгін Құрылтайдың бірінші сессиясын ашқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған еді.

«Сіздер бұл тұлғаны жақсы білесіздер. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл қызмет етті. Тәжірибесі мол деп айтуға болады. Өзінің білімді, отаншыл, адал азамат екенін нақты істерімен дәлелдеді. Сондықтан оны осы лауазымға лайық деп санаймын. Құрылтай депутаттарынан Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын қолдауды сұраймын», - деген болатын Тоқаев.

Айбек Дәдебай кім?

2001 жылы Айбек Дәдебай Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін, ал 2003 жылы магистратураны тәмамдап, өңіртану магистрі атанды.

Әр жылдары Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің халықаралық туризм менеджменті кафедрасында оқытушы, Сенат аппаратының Парламентаралық байланыстар және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің сарапшысы, Сенат төрағасының міндетін атқарушы көмекшісі қызметтерін атқарды.

Қазақстанның БҰҰ-дағы (Женева) тұрақты өкілдігінде атташе, үшінші хатшы, Қазақстан Парламенті Сенаты төрағасы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан Президенті Кеңсесі басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.

2021 жылдың мамырынан 2022 жылдың қаңтарына дейін Қазақстан Президенті Іс басқарушысының орынбасары болып жұмыс істеді. 2022 жылдың қаңтарында Президент Іс басқарушысы болып тағайындалды.

2024 жылғы 6 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды.

Дипломатиялық дәрежесі – II сыныпты кеңесші. "Құрмет" ордені және "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған.

Сондай-ақ оқыңыз: