Қытаймен өнеркәсіптік ынтымақтастық артып келеді
Қазақстан аумағында қытай капиталы бар 9 мыңнан астам компания табысты жұмыс істеп жатыр. Бұл – еліміздегі әрбір жетінші шетелдік кәсіпорын.
Мемлекет басшысы «Синьхуа» ақпарат агенттігіне берген сұқбатында екі елдің ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. Мәселен, Қытаймен өнеркәсіптік кооперация аясында 62 млрд доллардан асатын 260 жоба жүзеге асуда. Бұл бағыт бойынша машина жасау саласын мысалға келтіруге болады. Елімізде BYD, Howo, Yutong, Golden Dragon, Shacman, JAC, Jetour көліктерін өндіру жолға қойылған. Ал былтырдан бастап Changan, Great Wall Motor және Chery жеңіл автокөліктерін құрастыру қолға алынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – металлургия. Біздің ең ірі компаниямыз «Qarmet» АҚ өндірістік қуаттарды жаңғырту, технологиалық тиімділікті арттыру және негізгі қорларды жаңарту шеңберінде жетекші қытайлық корпорациялармен белсенді түрде өзара іс-қимыл жасап келеді. «Жасыл» энергетика желісі бойынша серіктестік аясында қытайлық тараптың қатысуымен қуаты шамамен 1,5 ГВт болатын 29 жоба жүзеге асырылды. Жалпы қуаты 1,7 ГВт-тан асатын тағы 11 жоба іске асырылу сатысында.