Донат үшін ар-намысты қорлау: Депутат әлеуметтік желідегі заңсыздықтарды тыюды талап етті
Құрылтайдағы «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Жарқынбек Амантайұлы әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлер арқылы жүзеге асатын заңсыздықтар мен «треш-стримингке» қарсы қатаң шаралар қолдануды ұсынды, деп хабарлайды «24KZ».
Халық қалаулысы көрермен мен донат жинау үшін адамды қорлау, қауіпті пранктер ұйымдастыру және балағат сөз айту әрекеттері әлеуметтік дертке айналғанын атап өтіп, Үкіметке ресми депутаттық сауал жолдады.
Қазіргі таңда стримерлердің дөрекі әрі арандатушы контент арқылы қаралым жинап, оны лайк, донат пен жарнама арқылы ақша табу құралына айналдырғаны жасырын емес. Мұндай әрекеттер кейде халықаралық деңгейде ел абыройына нұқсан келтіріп жатыр. Әлемдік тәжірибеде цифрлық кеңістіктегі заңсыз контент үшін платформалардың жауапкершілігі қатаң қадағаланады. Қазақстанда да «Заң мен тәртіп» қағидаты цифрлық ортада толық сақталуы тиіс.
Бастама авторы сөз бостандығын шектеуді мақсат етпейтінін, керісінше, сөз бостандығы мен заңды жауапкершіліктің нақты шекарасы айқындалуы қажеттігін баса айтты.
Осы мәселелерді реттеу үшін депутат Үкіметке төрт негізгі ұсыныс жолдады:
-
Заңнамалық деңгейде «треш-стриминг» ұғымын нақтылап, зорлық-зомбылықты, қорлау мен қауіпті пранктерді эфирде насихаттағаны үшін жауапкершілікті күшейту.
-
TikTok, Instagram, YouTube сияқты платформалармен бірлесіп, заңсыз тікелей эфирлерді жедел анықтап, бұғаттау және авторларын сәйкестендірудің тетігін қалыптастыру.
-
Азаматтарды келісімінсіз эфирге шығару және ар-намысына нұқсан келтіру жағдайларында жәбірленушілердің құқығын қорғауды күшейту.
-
Әлеуметтік желідегі құқыққа қайшы контентке тұрақты мониторинг жүргізетін бірыңғай мемлекеттік жүйе құрып, нәтижесін қоғамға ашық жариялау.