Депутаттар Құрылтай регламентін қабылдады
Енді елімізде заң жобалары үш оқылымда қаралады. Парламенттік бақылау тетіктерінде де бірқатар өзгеріс бар. Мұнымен қоса, халық қалаулылары үкімет басшысынан бастап, оның мүшелеріне, мемлекеттік органдардың басшыларына және өңір әкімдеріне депутаттық сауал жолдай алады. Ал оған жауап бір айдан аспайтын мерзімде берілуі міндетті. Жаңадан жасақталған Құрылтай жұмысында тағы нендей өзгерістер бар.
Құрылтай жаңа регламент қабылдады. Өзгеріс көп. Ұсынылып отырған құжат 31 тарау мен 310 тармақтан тұрады.
Регламентте Құрылтай мен оның органдарының қызметін ұйымдастыру, отырыстар мен тыңдаулар өткізу, Үкімет сағаттарын ұйымдастыру, заң шығару процесі, депутаттық бірлестіктердің қызметі және депутаттардың өкілеттіктерін жүзеге асыру тәртібі қамтылған. Оған сәйкес Құрылтай отырыстары әдетте сәрсенбі және бейсенбі күндері, тыңдаулар жұмада, ал Үкімет сағаттары дүйсенбіде өткізіледі. Отырыс депутаттардың жалпы санының кемінде үштен екісі, яғни 97 депутат қатысқан кезде заңды болып саналады.
Снежанна Имашева, ҚР Құрылтайының депутаты:
- Құрылтай қызметінің негізгі нысаны оның сессиялары екенін атап өтті. Кезекті сессия жыл сайын қыркүйектің бірінші жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өткізіледі. Депутаттарға өңірлерге шығу үшін әр сессияда кемінде екі рет, күнтізбелік он күнге дейін уақыт беріледі. Отырыс депутаттардың жалпы санының кемінде 3/2-сі, яғни кемінде 97 депутат қатысқан жағдайда заңды болып саналады. Регламентте отырыстарды шақыру және өткізу, күн тәртібін қалыптастыру, депутаттарды тіркеу, жарыссөздер өткізу мен дауыс беру тәртібі толық түрде айқындалады. Енді заң жобалары үш оқылымда қаралады. Біріншісінде оның мақсат-міндеттері мен негізгі ережелері талқыланады. Екінші оқылымда енгізілген түзетулер қаралады. Үшінші оқылымда Конституцияға және қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіру, заң техникасы талаптарын сақтау, ішкі қайшылықтар мен редакциялық ескертулерді жоюға бағытталған түзетулер пысықталмақ. Тағы бір айта кетерлігі, Құрылтайдың үйлестіруші органы – бюро. Оны Құрылтай төрағасы басқарады. Бюро заң жобалары бойынша бас комитеттерді айқындайды, тыңдаулар мен Үкімет сағаттарын өткізу туралы шешімдер қабылдайды.
Дания Еспаева, ҚР Құрылтай төрағасының орынбасары:
- Мына регламентте депутаттық сауал жариялауға қатысты. Оның уақыты, кімге жариялайды айтылған. Біз осы деп сауалдық тақырыбын, мазмұнын қарамаймыз, шектеу қоймаймыз. Ол әр фракцияның өзіне, депутаттың дайындығына байланысты. Халық қалаулыларының әдеп нормаларын қатаң сақтауы да жаңа талапта жазылған. Егер Құрылтай депутаттарының этиканы бұзған жағдайда бірнеше тәртіптік шара қолданылады. Бұл қатарда ескерту жасау, көпшілік алдында кешірім сұрату, отырыста сөз беру құқығын бір отырысқа немесе үш отырысқа шектеу бар. Бұл қызметтен тыс уақытта да міндетті болады.
Авторы: Кәмшат Мұхамеджан