Қ. Тоқаев Сеулде корей ұлтының өкілдерін «Достық» орденімен марапаттады

Биылғы жылдың алты айында Оңтүстік Корея еліміздің ең ірі 10 сауда серіктесінің қатарына енді. Қос ел арасындағы тауар айналымы 1,3 млрд доллардан асты.

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сеулге мемлекеттік сапары аясында айтылды. Президент алдағы күндері Кореяның ірі компаниялары жетекшілерімен кездеседі, сондай-ақ «Орталық Азия – Корея Республикасы» бірінші саммитіне қатысады. Ал бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев таңғы шық елінің бірқатар азаматын марапаттады.

Тілдің майын тамызып, сөздің балын ағызып, қазақ тілін ана тіліндей көретін корей ұлтының өкілін кездестіргенде, таңдай қақтық. Бұл – жергілікті профессор Сон Ён Хун. 20 жылдан аса уақыт өз елінде ана тілімізде дәріс оқып жүрген ғалым бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан марапат алды.

Қазақстанда жүз мыңнан астам корей ұлтының өкілі тұрады. Олардың еліміздің экономикасы мен қоғамдық-саяси дамуына қосқан үлесі орасан зор. Бүгін жиында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президент бүгінгі рәсімге жиналған қауымға ілтипат білдіріп, екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықтың нығайғанын атап өтті.

Рәсім барысында Мемлекет басшысы Сон Ён Хуннан бөлек, Корея Республикасы Ұлттық жиналысының 22-шақырылым депутаттары Мэн Сон Гю мен Ли Чжэ-канды, Сеул киберуниверситетінің президенті Ли Сан Гюнді, Hyundae General Hospital көпбейінді клиникасының директоры Ким Бу Сопты II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Оңтүстік Корея Қазақстанның он ірі сауда серіктесінің қатарында. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 3,17 млрд АҚШ доллары болса, бұл көрсеткіш биылғы алты айда 1,3 млрд долларға жеткен. Елімізден Оңтүстік Кореяға экспортталатын негізгі тауар — шикі мұнай. Оның көлемі 479 млн доллардан асып жығылады. Сондай-ақ Қазақстан ферроқорытпа, титан және одан жасалған бұйымдарды Кореяға жеткізеді. Қос ел арасында сауда ынтымақтастығынан бөлек, инвестициялық қызмет те қарқын алып келеді.

Әлішер Асқаров, «Kaztrade» АҚ-ның экспорттық акселерация департаментінің бас менеджері:

- Оңтүстік Кореядан тікелей инвестициялар ағынын арттыруды жоспарлап отырмыз. Біз бұл салада кешенді тәсілді ұстанудамыз. Жалпы инвестициялық ахуалға келер болсақ, Қазақстан инвесторлар үшін көптеген шаралар мен жеңілдіктерді енгізді. Олар инвестицияның қай елден немесе қайдан келгеніне қарамастан, барлығына қолжетімді.

Әлішер Әли, тілші:

- Елде Оңтүстік Корея капиталымен 700-ден астам компания жұмыс істейді. Тараптар жалпы құны шамамен 4 млрд доллар болатын 46 жобаны бірлесіп әзірлеп жатыр. Тараптар бұл көрсеткішті арттыруға ниетті. Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы күндері Кореяның ірі компанияларының жетекшілерімен кездеседі. Артынша 16 қыркүйек күні, Сеулде «Орталық Азия – Корея Республикасы» алғашқы саммиті өтеді. Бұл кездесуді корей тарапы «тарихи» деп бағалап отыр, себебі ресми Сеул бұрын-соңды Орталық Азиядағы бес мемлекеттің басшыларын бір үстел басына жинаған емес. Бұл жерде әрине, қазақ басшысының сөзі зор маңызға ие.

Авторы: Әлішер Әли

Сондай-ақ оқыңыз: