Сегіз елші сенім грамоталарын табыстады

Қазақстан – бейбітсүйгіш ел. Біз теңгерімді және сындарлы сыртқы саясатты ұстанамыз. Ақорданың есігі сіздерге әрдайым ашық.  

Өйткені қазіргі тұрақсыз әрі құбылмалы әлемде бірге болуға тиіспіз. Қасым-Жомарт Тоқаев елшілермен жүздесуінде осылай деді. Бүгін Президент 8 мемлекеттің дипломаттарынан сенім грамоталарын қабылдады. Рәсім бас қаладағы Тәуелсіздік сарайында өтті.

Әлішер Әли, тілші:

- Сап түзеген сарбаздар, көк кілем, әскери оркестр. Бұл елдері үмітін үкілеп, қызметпен Қазақстанға жіберілген дипломаттарға деген құрмет. Елшілерге көрсетілген ілтипат, Президенттерге жасалатын сән-салтанаттан да кем емес. Дәл қазір олар қазақтың рәміздеріне құрмет көрсетуде, кейін рәсім өтетін залға қарай бет алады.

Мысыр, Швейцария, Эстония, Оман, Мажарстан, Гвинея-Бисау, Нигерия және Дания. Сегіз елдің төтенше және өкілетті елшілері бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевпен етене танысып, сенім грамоталарын табыстады. Енді елордаға уақытша қоныс аударған елшілердің дипломатиялық миссиялары ресми түрде басталды. Жиында Президент шет мемлекеттердің өкілдеріне ілтипат білдіріп, еліміздің сыртқы саясатта бейбіт бағыт ұстанатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгін – шын мәнінде, елдеріңіздің өкілі ретінде Сіздер үшін де, Қазақстан Республикасы үшін де өте маңызды күн. Осы орайда барлығымыз бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет екеніне сенімдімін. Өйткені Қазақстан бейбітсүйгіш ел саналады. Біз теңгерімді және сындарлы сыртқы саясат ұстанамыз. Ел ішінде реформа жүргізуге қолайлы жағдай жасауға ұмтыламыз. Сыртқы істер министрлігінің, мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Президент резиденциясының Сіздер үшін әрдайым есігі ашық. Өйткені қазіргі тұрақсыз әрі құбылмалы әлемде бірге болуға тиіспіз.

Елдестірмек – елшіден. Енді елдің алыс-берісі мен барыс-келісін жандандырып, инвестиция және саяси диалог бағытында ықпалдастықты нығайту керек. Бұл ретте елшілерге жүктелетін жауапкершіліктің жүгі ауыр.

Марье Лууп, Эстония Республикасының елшісі:

- Эстония мен Қазақстан арасында қазірдің өзінде өте жақсы қарым-қатынастар қалыптасқан. Дегенмен оларды одан әрі дамытуға әрдайым мүмкіндік бар. Мен әсіресе экономикалық ынтымақтастықтың әлеуеті зор деп есептеймін. Қазірдің өзінде бірнеше эстондық компания қазақстандық компаниялармен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ электронды мемлекеттік басқару саласында да өзара іс-қимыл жасау мүмкіндіктерін таба аламыз.

Салах Джабуб, Оман Сұлтандығының елшісі:

- Бұл – кез келген елші үшін өте маңызды сәт. Бүгінгі рәсімнен кейін біз ресми түрде толыққанды жұмысымызды бастаймыз. Қазақстанда, Астанадай әсем қалада, сондай-ақ ақжарқын халықтың арасында жүргеніме қуаныштымын. Мен жақын арада қазақ тілін үйренетін боламын.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елшілермен естелік суретке түсті. Президент оларды дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған жұмыстарына табыс тіледі.

Әлішер Әли, Марат Диханбаев, Дильмурат Сейдаханов

Сондай-ақ оқыңыз: