Конституциялық құндылықтар қағаз жүзінде қалмауы тиіс – Үнзила Шапақ
Құрылтай депутаты Үнзила Шапақ депутаттық сауалында конституциялық құндылықтарды тек заң жүзінде бекітіп қоймай, оларды азаматтардың санасына, мінез-құлқы мен күнделікті өміріне орнықтырудың нақты тетіктерін әзірлеуді сұрады, деп хабарлайды «24KZ».
«Әділет» партиясы фракциясының депутаттары Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың атына депутаттық сауал жолдап, елдегі реформалардың орнықтылығы тек заңдармен ғана емес, азаматтардың ортақ құндылықтары мен жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін мәлімдеді. Халық қалаулылары конституциялық құндылықтарды тек құқықтық тұрғыдан бекітіп қоймай, оларды азаматтардың ішкі ұстанымына және күнделікті мінез-құлқына айналдыру маңызды екенін атап өтті.
Үнзила Шапақтың айтуынша, «Заң және Тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал азамат» сияқты маңызды бастамаларды жекелеген науқандар ретінде емес, ортақ құндылықтар жүйесінің ажырамас бөлігі ретінде қарастыру қажет. Осы орайда Германия, Сингапур және Финляндия сияқты дамыған елдердің озық тәжірибелері мысалға келтіріліп, ұлттық бірегейлік пен азаматтық жауапкершілікті білім беру, медиасауаттылық және цифрлық коммуникация арқылы қалыптастыру керек.
Осыған байланысты фракция өкілдері министрлікке конституциялық құндылықтарды білім, мәдениет, БАҚ және цифрлық салаларда іске асырудың нақты тетіктерін әзірлеуді, олардың қоғамдық санада қаншалықты орныққанын тұрақты түрде зерделейтін ғылыми-сараптамалық жүйе құруды және мемлекеттік бағдарламаларды жоспарлау кезінде осы құндылықтардың қоғамға тигізетін ықпалын міндетті өлшем ретінде белгілеуді ұсынды.