Қазақстан Халық Кеңесі комитеті салалық комиссияларының құрамы бекітілді
Бүгін бірлестік мүшелері арнайы жұмыс топтарына бөлініп, олардың жетекшілері бекітілді. Отырыс шешімімен алда кеңес құрамында төрт комиссия жұмыс істейді.
Мәдениет пен азаматтық бірегейлікті дамыту мәселелері жөніндегі салалық комиссияны Рауан Кенжеханұлы басқарды. Жалпыұлттық бірлік мәселелері жөніндегі салалық комиссияның жетекшісі болып Наринэ Микаелян, ал Спорт және әскери-патриоттық тәрбие мәселелері жөніндегі салалық комиссияның жетекшісі болып Ислам Байрамуков тағайындалды. Төртінші комиссия – Құқықтық мәдениет және медиация мәселелері жөніндегі салалық комиссияға Мәди Мырзағараев жетекшілік етеді. Кеңесте 2026-2027 жылдарға арналған жұмыс жоспарының жобасы қаралды. Құжат комитеттің негізгі бағыттарын айқындап, сараптамалық кездесулер, кең ауқымды қоғамдық талқылаулар және отырыстар өткізуді көздейді.
Ольга Спирина, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:
- Мен өзім Мәдениет және азаматтық бірегейлікті дамыту мәселелері жөніндегі салалық комиссияның құрамына кірдім. Соның ішінде тіл мәселесі де бар. Менің негізгі айналысатын бағытым тіл мәселесі болайын деп тұр. Бізге: «Қандай ұсыныс болса да айтыңдар, барлығын талқылаймыз, барлығын қараймыз», – деді. Сондықтан да менің ойымша, дәл қазір комитет мүшелері басқа қарқынмен жұмысқа кірісетін болады. «Ұзаққа қалдырмай, комиссиялардың отырыстарын өткізіп жіберіңдер», – деді.