«Граффити өшіру жеткіліксіз»: Депутат есірткі мен дропперліктен қорғауды күшейтуді ұсынды

кадр бейнежазбадан

«Әділет» партиясының фракциясы жастарды синтетикалық есірткі тасымалы мен дропперлікке тартылудан қорғау мақсатында бірқатар мемлекеттік органдар мен ведомстволарға депутаттық сауал жолдады.  Депутат Дидарбек Ділдәбек есірткі қылмыстары мен заңсыз қаржы айналымына қатысатын кәмелетке толмағандар мен жастардың көбейгеніне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды «24KZ».

Оқу жылының басында білім алушыларды ақшалай сыйақымен қызықтырып, банк шоттарын ашуға және өзге адамдардың пайдалануына беруге тарту алаңдатады. Жеңіл табысқа сеніп, шотын «жалға берген» жастар оның заңсыз қаржы айналымына пайдаланылу қаупін және өз жауапкершілігін жете түсіне бермейді.

Оқу орындарындағы профилактикалық жұмыста да олқылықтар бар. Бірінші курс студенттерімен түсіндіру жұмыстары, құқық қорғау органдарының тәрбие ісіне жауапты қызметкерлермен және психологтармен байланысы жүйелі жолға қойылмаған. Ақпаратты жастарға түсінікті тілде жеткізу тәсілдерін жаңарту қажет. Есірткі мессенджерлер мен QR-кодтар арқылы таралып жатқанда, профилактиканы граффити өшірумен шектеу жеткіліксіз, -деді депутат. 

ҚР Бас прокуратураның Құқықтық статистика деректеріне сәйкес, елімізде 2025 жылы 8 280 есірткі қылмысы тіркеліп, 4 684 адам қылмыстық жауаптылыққа тартылса, 67 жасөспірім сотталған, ал 2026 жылдың тоғыз айында 7 464 есірткі қылмысы тіркеліп, 3 282 адам қылмыстық жауаптылыққа тартылып, 59 жасөспірім сотталған.

Осылайша, биылғы тоғыз айда сотталған кәмелетке толмағандардың саны өткен жылдың толық көрсеткішінің 88 пайызына жетті. Бұл деректер профилактикалық жұмысты күшейтіп, балалар мен жасөспірімдерді есірткінің заңсыз айналымына тартудан қорғау қажеттігін көрсететінін айтты, депутат Дидарбек Ділдәбек. 

Сондықтан, мәселені тек жазалаумен шешу мүмкін еместігін атап мемлекеттік органдарға төрт негізгі шараны орындауды ұсынды:

Оқу жылының алғашқы 15 күнінде бірінші курс студенттеріне есірткі саудасы мен банк шоттарын бөтен біреуге берудің қаупін түсіндіруді жүйелі түрде ұйымдастыру:

14 пен 22 жас аралығындағы азаматтардың 50 мың теңгеден асатын аударымдарына қосымша биометриялық растау енгізу және банктер мен оқу орындарының жедел ақпарат алмасуын жолға қою:

«Отбасының цифрлық картасы» арқылы осал топтағы жастарды анықтап, колледж студенттерін тегін тамақпен, ваучерлермен қамту және қысқа мерзімді жұмыс орындарын ашу:

Құқық қорғау, қаржы, білім, еңбек және цифрландыру салаларының бірлескен жұмыс тетігін күшейту.

Депутаттар бұл бағытта атқарылатын жұмыстар мен қабылданатын шаралар туралы заңда белгіленген мерзімде жауап беруді сұрады.

Сондай-ақ оқыңыз: