Елімізде жыл соңына дейін 20,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі

Фото: UKIMET

Қазақстанда жыл соңына дейін 20,4 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар газбен қамту деңгейін 64,5%-ға дейін жеткізу көзделген. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Үкімет басшысы тұрғын үйлер қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, абаттандыру жұмыстары толық аяқталғаннан кейін ғана пайдалануға берілуі керектігін атап өтті. Сондай-ақ халық үшін тұрғын үй бағдарламаларының қолжетімділігін арттыру қажеттігіне тоқталды.

Тұрғын үйді қаржыландыру тетіктерін жетілдіру қажет. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, бастапқы жарна мөлшерін төмендету тетіктерін енгізуге қатысты қосымша ұсыныстар әзірленсін, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр өңір әкімдіктеріне тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін алдын ала дайындап, инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Жаңа тұрғын үйлер қоныстануға толық дайын болуы тиіс.

Газбен қамту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысының 2035 жылға қарай елді газбен қамту деңгейін 80%-ға жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін Энергетика министрлігіне, QazaqGaz компаниясына және өңір әкімдіктеріне бірлесіп жұмыс істеу міндеті жүктелді. Атап айтқанда, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту, магистральдық газ құбырларын уақытылы салу және ірі жобаларды іске асыру шаралары қолға алынуы керек.

Жыл соңына дейін газбен қамту деңгейін өткен жылғы 64,2%-дан 64,5%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз: