Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері оралдықтармен кездесті
Бүгінде ел бойынша 200-ден астам қоғамдық кеңес жұмыс істейді.
Олардың құрамында шамамен 3,5 мың адам бар. Бұл туралы Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясындағы кездесуде айтты. Кеңес Төрағасы этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық кеңестер мен жастар ұйымдарының өкілдерімен кездесті. Жиында мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты дамыту, жастарды қолдау және азаматтық бірлікті нығайту мәселелері басты назарға алынды. Халық Кеңесінің Төрағасы жаңа институттың ерекше конституциялық мәртебесі мен заң шығаруға бастамашылық ету құқығы бар екенін алға тартты. Кеңес жұмысы этносаралық қатынастар, азаматтық қоғам және өңірлер сынды үш негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылған. Өңірлермен жүйелі жұмыс жүргізуге ерекше назар аударылды.