Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі іске қосылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға жұмыс сапары аясында Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосу рәсіміне қатысты. Азия мен Еуропаны жалғайтын жобаны «Қазақтелеком» АҚ мен AzerTelecom компаниясы бірлесіп жүзеге асырды. Жоба қосымша халықаралық байланыс желісін іске қосып, отандық нарыққа жаһандық технологиялық компанияларды тартуға және бұлтты сервистер мен жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға жол ашады, деп хабарлайды 24KZ.


Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі іске қосылды

Азия мен Еуропаны жалғайтын орта дәліз тек көлік-логистикалық бағыт қана емес, цифрлық торапқа да айналды. Бүгінде Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық кабель тартылған. Жоба Қытай мен Орталық Азия елдерінен келетін деректерді Әзербайжан арқылы Еуропа елдеріне тікелей жеткізуге мүмкіндік береді. Ол Жерорта мен Қара теңізде орналасқан байланыс жүйелеріне қосылуы мүмкін. Мемлекет басшысының Әзербайжанға жұмыс сапары аясында қос елдің президенттері желіні іске қосу рәсіміне қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, қазақстан республикасының президенті:

– Біз халықаралық маңызы зор бірегей жобаны іске қостық. Ең бастысы, бұл – жаңа заманның дәлізі. Яғни көлік дәлізі ғана емес, мүлдем жаңа дәуірге, цифрландыру кезеңіне тиесілі жаңалық. Бұл ынтымақтастықтың түбегейлі соны форматы, Орта дәліздің цифрлық түрінің жүзеге асырылуы десек болады.

Желінің ұзындығы шамамен 380 шақырымды құрайды. Ол Ақтаудан Әзербайжанның Сумғайыт қаласына дейін созылып жатыр. Жобаны іске асыру барысында тараптар теңіз түбін зерттеуден бастап, желіні төсеуге дейінгі күрделі жұмыстарды бірлесе атқарды.

Ильхам Әлиев, Әзербайжан президенті:

– Былтыр Әзербайжан Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуіне толық мүше ретінде қабылданды, биыл мен осы ұйымға толық мүше ретінде қатыстым. Аталған жоба ынтымақтастықты тереңдетуге қосылған кезекті үлес болды. Яғни бұл желіні Орталық Азия елдері де, Оңтүстік Кавказ жұрты да, одан тысқары елдер де пайдаланады. Осылайша, бүгін жаһандық жобаны іске қостық.

Мемлекеттер басшыларының қатысуымен қос елдің Үкіметтері арасында қол қойылған Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту жөнінде келісім алмасу рәсімі өтті. Құжат Орта дәліздің орнықты қызмет етуі мен кешенді дамуына арналған ортақ құқықтық негізді қалыптастырады.

Келісім тараптардың инфрақұрылым қуатын кеңейтуін, бағыт бойындағы теміржол, автокөлік және порт аумақтарының осал тұстарын реттеуді, сондай-ақ Каспий айдынында теңіз түбін тереңдететін флот пен теңіз тасымалын бірлесе дамытуды қамтамасыз етеді.

Бағдат Мусин – «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы:

– Жобаға 15 елден 200 маман мен 20 халықаралық компания қатысқан. Кабельді төсеу үшін арнайы кеме де пайдаланылды. Қазір талшықты-оптикалық байланыс желісіне сынақ жұмыстары жүргізілуде. Оны толық іске қосу жыл соңына дейін жоспарланып отыр.

Бағдат Мусин, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы:

– Желінің тағы бір артықшылығы деректерді жеткізу жылдамдығы. Сигналдың Еуропадағы интернет тораптарына дейінгі жолы неғұрлым қысқа болса, кідіріс те соғұрлым аз болады. Мәселен, қазір Алматыдан Франкфуртке дейінгі сигнал кідірісі шамамен 70 миллисекундты құрайды. Мамандардың есебінше, жаңа бағыт бұл уақытты екі есеге дейін қысқартуы мүмкін. Қарапайым пайдаланушылар үшін бұл интернет қызметтерінің жылдамдығын жақсартады. Ал деректер орталығы, банктер мен ірі технологиялық компаниялар үшін ақпарат алмасуды жеделдетіп, қосымша байланыс арнасын пайдалануға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл жобаны «Цифрлық Жібек жолының» бір бөлігі деп атайды.

Сондай-ақ оқыңыз: