Хун Манет: бүгін энергетика секторындағы ықпалдастықты тереңдету мүмкіндігі туып отыр
Камбоджа Премьер-министрі Қазақстанға шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы дипломатиялық байланыс орнағанына 30 жылдан асқанын айтты.
– Бүгін энергетика секторындағы ықпалдастықты тереңдету мүмкіндігі туып отыр деп ойлаймын. Ведомстволарымызға өзара мүдделі бағыттарды анықтауды тапсыра аламыз. Қазақстан электронды үкімет бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізді әрі озық әзірлемелерге ие. Біздің министрліктеріміз осы салада тәжірибе алмасуға қызығушылық танытып отыр, – деді Хун Манет.
Кездесу барысында тараптар саяси диалогты, сауда-экономикалық байланыстар мен көпжақты алаңдардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жайын жан-жақты талқылады.
Сондай-ақ. тараптар кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Камбоджа Премьер-министрінің Қазақстанға алғашқы сапары екіжақты қарым-қатынасты жандандыруға жол ашатынын және ортақ ниетті нақты іске ұластыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Президент: «Жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай әлеует бар», - дейді. Ал Хун Манет екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың айрықша сипатына назар аударды. Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хун Манет Бірлескен мәлімдеме қабылдады.