Қазақстанның жаһандық дипломатиясы: Көпвекторлы саясат және экономикалық интеграция

фото: depositphotos.com

Қазақстанның халықаралық аренадағы бастамалары елдің ұлттық мүддесін қорғауға, жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға және мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің бас сарапшысы Жандар Асан айтты, деп хабарлайды «24KZ». 

Сарапшының пікірінше, қазір әлем аумалы-төкпелі геосаяси кезеңде өмір сүріп отыр. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының жүргізіліп отырған көпвекторлы сыртқы дипломатиядағы саясаты біздің мемлекетіміз үшін маңызы да, міндеті де біздің еліміздің әлеуетін көтеруге, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға тың серпін беретін саясат деп бағамдауға болады. Бұны шетелдік білікті майталман сарапшылар да, саясаттың жілігін шақ, майын ішкен азаматтар да жоққа шығармайды. Қазақстан соңғы жылдар белесінде әлбетте сыртқы халықаралық қатынастарда бірқатар маңызды бастамалардың, идеялардың негізгі авторы ретінде өзінің саясатын жүргізіп келе жатыр. Бұл біз үшін үлкен бір мүмкіндіктерге жол ашады, -деді Жандар Асан.

Сарапшы Қазақстанның жаһандық дипломатиядағы бірнеше басым бағытына тоқталып өтті. Бірінші бағыт - ол көпжақты дипломатия және жаһандық қауіпсіздік мәселесі. Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінде және үлкен халықаралық жиындарда мемлекеттер арасындағы текетіресті дипломатиялық жолмен шешу керек деген ұстанымын ұдайы айтып келеді. Ал Астана қаласы осы халықаралық бітімгершілік саясатты жүзеге асыратын үлкен, маңызды жиындардың негізгі архитектуралық орталығына айналып келеді.

Екінші бір басым бағыт — Орталық Азияның бірлігі және өңірдегі өзара ықпалдастық мәселесі. Қазақстан тарапынан осы Азиядағы экономикалық, инвестициялық, экологиялық, климаттық және өзге де мәселелерге үлкен маңыз беріліп келе жатыр, себебі Орталық Азия соңғы жылдары әлемдік жаһандық қауымдастық аренасында маңызы жағынан тек қана перифериядағы бір бұрыштағы мемлекеттер емес, әлемдік саясатта үлкен маңызды рөл ойнайтын шешуші факторға ие аймақ ретінде қарастырылып келе жатыр. Орталық Азия плюс форматтарындағы саммиттердің әлемнің алпауыт мемлекеттерімен тұрақты түрде өткізілуі бұл сөзімізге айқын дәлел бола алады, -деді Жандар Асан.

Үшінші бір маңызды бағыт — Транскаспий көлік дәлізінің (Орта дәліз) инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру. Қазіргі геосаяси ахуалға байланысты жаңа көлік дәліздері ашылуда. Қазақстан Қытай мен Еуропа нарығын байланыстырушы маңызды көлік-логистикалық әлеуетке ие. Күні кеше ғана Түрікменстанның Аваза қаласында өткен кеңесте Қазақстан Президенті тарапынан осы Орта дәліздің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруға байланысты бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Қазақстан бұл үдерісте тек қатысушы емес, маңызды бастамалардың авторы және жүзеге асырушы мемлекет ретінде рөлін бекемдеп келе жатыр.

Көпвекторлық сыртқы саясаттағы басты артықшылығымыз — біз әлемнің тек қана бір саяси одақтың немесе ұйымның ғана мүддесін көксемей, тең дәрежеде барлығымен қарым-қатынас орнатып отырмыз. Су қауіпсіздігі, экология, азық-түлік қауіпсіздігі және инвестициялық жобалардың жүйелі түрде іске асырылуы — осы көпвекторлық саясаттың жемісі, -деді сарапшы.

Жандар Асан тағы бір мәселеге ерекше назар аударды. Ол технологиялық және жасанды интеллект саласы. Соңғы Орталық Азия плюс Корея Республикасы саммитінде президент Тоқаев тарапынан цифрлық технологияларға қатысты үлкен маңызды ұсыныстар айтылды. Азияның жолбарыстары саналатын Жапония, Корея сияқты технологиясы дамыған елдердің білікті кадрларын аймаққа әкеліп, хабтар мен орталықтарын ашу өңірдің дамуына зор ықпал етеді. Мысалы, Орталық Азия мен Корея арасындағы сауда-саттық көлемі бұрын 10 миллиард АҚШ долларын құраса, жуырда Кореяда өткен саммитте 15 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі келісімге қол қойылды.

Сондай-ақ оқыңыз: