Анкара ТМҰ саммитін өткізеді
Түркі әлемінің назары бүгін Анкараға ауады. Мұнда Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне әзірлік қызу. Бұл жолғы алқалы жиын Анадолының ұлттық мерекесі Республика күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Енді түркі елдері көшбасшылары бұл кездесуде қандай мәселелерді қозғауы мүмкін? Қандай бастамалар көтереді?
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Анкара түркі әлемі көшбасшыларын қабылдауға дайын. 30 қазанда Түркі мемлекеттері ұйымының 13-ші саммиті өтеді. Бұл жолы ұйымға төрағалықты Әзербайжаннан Түркия қабылдап алады. «Түркі ғасыры: тілде, пікірде, істе – бірлік» тақырыбымен өтетін басқосуда бауырлас елдердің ынтымақтастығын тереңдету мәселелері талқыланбақ. Ауқымды жиында саяси диалогпен қатар, ортақ бастамаларды нақты іске асыру жолдарын бекіту көзделіп отыр.
Түркия үшін бұл саммиттің тарихи һәм символдық мәні зор. Өйткені келелі кездесу елдің Республика ретінде құрылған айтулы күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Оның үстіне осыдан 34 жыл бұрын дәл осы шаһарда түркі мемлекеттері басшыларының алғашқы кездесуі ұйымдастырылған еді. Жылдар өте ынтымақтастықтың мазмұны да өзгерді. Бастапқыда бауырлас елдердің бір-бірін тануына басымдық берілсе, бүгінде ортақ мұра мен мүддені нақты жобалар арқылы ұштастыруға назар аударылып отыр.
Мұса Казым Арыжан, Анкара әлеуметтік ғылымдар университетінің ректоры:
- Меніңше, саммиттің Түркияның Республика күнімен сәйкес келуі түркі мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңге қадам басқанын білдіреді. Түркия биыл үшінші рет түркі елдерінің көшбасшыларын қабылдағалы отыр. Бұл жолы ортақ тарихи мұра мен өркениеттік сананы нақты жобалар арқылы нығайтуға басымдық беріліп жатыр. Білім, ғылым және мәдениет бағытындағы бірлескен бастамалар да осы серіктестіктің тұрақты дамуына негіз болады деп ойлаймын.
Бұдан бөлек, экономикалық байланысты кеңейтіп, көлік-логистика бағыттарын дамытуға және цифрлық сауданы жандандыруға басымдық берілмек. Ресми дерекке сүйенсек, ұйымға мүше елдердің жалпы ішкі өнімі 2002 жылы 359 млрд доллар болса, былтыр бұл көрсеткіш 2,5 трлн доллардан асып жығылды. Ал биыл 2,64 трлн долларға жетеді деген болжам бар.
Күршад Зорлу, Түркияның Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары:
- 23 жыл ішінде жалпы ішкі өнім шамамен 7 есе артты. Экономикалық даму қарқыны бойынша да әлемдегі маңызды бірлестіктердің қатарындамыз. Өткен жылдың алғашқы тоғыз айында ТМҰ экономикасының орташа өсімі шамамен 6 пайызды құрады. Бұл – әлемдік көрсеткіш қарқынынан екі есе жоғары. Орта дәліз арқылы тасымалданған жүк көлемі 2022 жылы 1,7 млн тоннадан былтыр 4,1 млн тоннаға жетті.
Маңызды жиында мемлекетаралық келісіммен қатар, бұқараның өзара қатынасын жеңілдететін ортақ бастамалар да қаралады. Цифрландырудан бөлек, кедендік бақылау, туризм, мәдениет бағытындағы тың жобалар жүзеге асуы мүмкін.
Кемал Курмаз, Түркі әлемі азаматтық қоғам ұйымының төрағасы:
- Анкарада саммитке дайындық жұмыстары жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр. Кездесуде ең алдымен цифрландыру, логистика, жаһандық сауда және экономикалық даму мәселелері қаралады. Саммит қорытындысы бойынша «Анкара декларациясы» жариялануы мүмкін. Барлық мемлекет басшылары осы құжатты мақұлдайды деп үміттенеміз. Сондай-ақ бүкіл түркі әлемінде ортақ төлқұжат немесе жеке куәлікпен қатынап, тіпті ортақ карта арқылы музейлерді жеңілдікпен тамашалау мүмкіндігі де қаралғалы отыр.
Сарапшылардың айтуынша, Анкарадағы басқосудың нәтижесі қабылданатын құжаттармен ғана емес, ортақ келісімнің іс жүзінде орындалуымен өлшенбек. Түркияның төрағалығы кезеңінде түркі мемлекеттері арасындағы саяси, экономикалық һәм гуманитарлық байланыс одан әрі беки түседі деген пікірде.
Авторы: Ә.Нұрлыбаева