Ел дамуының жаңа бағдары айқындалды

Құбылмалы заманға қарамастан, еліміз дамудың жаңа дәуіріне үлкен сеніммен қадам басты. Мемлекет ауқымды саяси реформаны іске асырды, деп хабарлайды 24KZ.

«Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа Жолдауында Мемлекет басшысы осылай деп, Құрылтай депутаттары мен Үкіметке бірқатар тапсырма жүктеді. Енді алдағы уақытта елдің егемендігін нығайтуға басымдық беріледі. Ол дегеніміз – ішкі және сыртқы қауіпсіздікті нығайтып, экономиканың бірқатар бағытын дамыту және түрлі саланың өркендеуі жолында бірігіп жұмыс істеу.

Әлемдегі бұлыңғыр ахуалда ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, әрі қарай өсіп-өркендеу – әр елдің қолынан келе бермейтін дүние. Дегенмен сын-қатерлер артқан алмағайып заманда Қазақстан ішкі және сыртқы қауіпсіздікке баса мән беріп отыр. Өзге мемлекеттермен бірлігін нығайтып, түрлі саладағы ынтымақтастығын бекемдеп жатыр. «Елдің ішкі бірізділігі мен сыртқы саясаттағы ұстанымы – қазір мықты қалқанға айналды», – дейді халық қалаулылары.

Айдос Сарым, ҚР Құрылтайының депутаты:

– Кикілжің, ірі, алпауыт державалар арасындағы өзара текетірес, бір-біріне енгізіп жатқан санкциялық режимдер – бәрі де айналып келгенде қоғамға, бизнеске салынып жатқан салық секілді. Қазақстан деген берекелі ел, халқы тату, бірлігі мол.

Мемлекет басшысы цифрлық дәуірдің қауіп-қатеріне қарамастан, мақсат-мұратымыздың өзгермейтінін мәлімдеді. Технологиялық тұрғыда дамыған мемлекет құру ісіне серпін берілді. Бірақ мұнымен тоқмейілсуге болмайды. Ендігі міндет – жасанды интеллектіге негізделген цифрлық экономика құру. Бұл тұста депутаттар салалардағы бюрократияны жою қажеттігін алға тартады.

Мақсұт Насибулов, ҚР Құрылтайының депутаты:

– Маңызды мәселе – логистиканы цифрландыру. Қазіргі таңға дейін фуралар, басқа да бизнес жүк көліктері қағаздармен, талондармен жүр. Путевой лист дейді, тағысын тағы, рұқсат қағаздары. Сондықтан біз іргелі даму үшін, экономика жағын дамыту үшін біз оны цифрландыру керекпіз және ЖИ енгізу керекпіз.

Мұғалімдердің де қағазбастылықтан әлі арыла алмай отырғаны жасырын емес. Мемлекет басшысы олардың жұмысын жеңілдету бағыты толық орындалмай жатқанына назар аударды. Сондай-ақ ұстаздардың абырой-беделін қорғау мәселесін сөз етті. Расында, саналы ұлттың іргетасын тек сапалы білім қалайды. Ал сол білім дәл осы мәртебелі мамандық иелерінен берілетінін ұмытпаған абзал.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Құрылтайының депутаты:

– Мемлекет басшысының барлық Жолдауында мұғалімдер туралы айтылады. Қазір осы қағазбастылық мәселесі бойынша, қажет емес жұмысқа жегу бойынша, шын мәнінде, проблема ушыққанын біз көріп отырмыз. Тіпті бізде мұғалімдер айтып жатыр ғой, олар қосымша пайда болған тиісті ақпараттық жүйелерге ақпаратты жүктеуге, ата-аналарды шақырып, олардан жеке ақпарат алумен уақытымыз кетті деп жатыр. Сондықтан Мемлекет басшысы осы проблеманы көре отырып, біле отырып, мұғалімдердің басты қорғаушысы, қамқоршысы ретінде осы тапсырманы беріп отырғаны, менің ойымша, өте маңызды.

Биылғы Жолдау – ауқымды реформалардың жалғасы ғана емес, жаңа міндеттерді де айқындады. «Президенттің әрбір айтқан бағыты мемлекеттің әлеуетін арттырып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған», – дейді сарапшылар.

Авторлары: Альмира Оразбай, Медет Қуанышбеков

Сондай-ақ оқыңыз: