ТМҰ елдерінің басшылары Анкара декларациясын қабылдады
Қазақстанның Түркі мемлекеттер ұйымына мүше елдермен алыс-берісі 10 млрд долларға жуықтады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 40 пайызға артық. Енді осы қарқынды сақтап қалуымыз керек, деп хабарлайды 24KZ.
Анадолыдағы саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Келелі кеңесте Мемлекет басшысы ұйымға Ресейді бақылаушы ретінде шақыруды ұсынды. Бұдан бөлек, көлік-логистика, цифрландыру саласындағы жетістіктерді жіпке тізді. Осы уақытқа дейін ұйымға төрағалық еткен Әзербайжан тарапына ризашылығын білдіріп, тізгінді қолға алған Түркияға табыс тіледі. Жиын соңында Анкара декларациясы қабылданды.
Тарихы 1992 жылдан тамыр тартатын Түркі мемлекеттер ұйымының саммиті 13-ші шымылдығын Түркияда түрді. Тарихы мен мәдениеті ортақ, тілі мен ділі ұқсас, түбі бір түркі елдері болашаққа да бірлесе қадам басуға бейіл. Бұл бауырлас мемлекеттердің басты ұстанымы десек те болады.
Басшылар Анадолының алтын тәжі саналатын Анкарада бас қосты. Келелі кеңес Түркияның Республика күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Оның үстіне Бакуде түркі халықтарының зиялыларын біріктірген алғашқы Түркология құрылтайына биыл 100 жыл толып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев осы оқиғаның маңызына тоқталып, бабалар аманатына адал болып, татулықпен алға қадам жасаудамыз деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Түркі мемлекеттері ұйымы – түркі әлемінің тұтастығын нығайтып жатқан бірегей құрылым. Бауырлас елдердің егемендігіне, ұлттық мүддесіне құрметпен қарау – біздің мызғымас қағидатымыз. Түркі жұрты тонның ішкі бауындай тату болып, бағыт-бағдарынан ауытқымай, бірлесіп алға нық қадам жасауда. Түркі ғасыры – тіліміз де, ойымыз да, ісіміз де бір.
Қазақстанның ұйымға мүше елдермен алыс-берісі 10 млрд долларға жуықтады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 40 пайызға артық. Енді осы қарқынды сақтап қалуымыз керек. Президент осы ретте Түркі мемлекеттері ұйымының 2027–2031 жылдарға арналған стратегиясын жедел қабылдауды ұсынды.
Сондай-ақ Түркі инвестициялық қорының мүмкіндіктерін барынша пайдалануымыз қажет деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бұған қоса, экономикалық ықпалдастықты күшейту үшін Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының мүмкіндігін пайдаланған абзал. Қазақстан бұл құрылымға төрағалық еткен кезеңде бірқатар шаралар өткізіп, маңызды құжаттар әзірледі. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатымен келесі жылы Қазақстанда Іскерлік форумын өткізуді ұсынамыз. Біздің ойымызша, Ұйымымыздың аясындағы Ақсақалдар кеңесінің жұмысы да өте маңызды. Осы құрылымға қаржылай және басқа да түрлі көмегімізді көрсетуіміз қажет.
Ынтымақтастықты нығайту жолында ұйымның «плюс» форматындағы маңызы зор. Қасым-Жомарт Тоқаев келелі жиында Ресейді ұйымға бақылаушы ретінде қатысуға шақырсақ деген ұсыныс тастады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Ұйымымыздың беделін арттыру үшін Ресейдің ниетіне оң пікірімізді білдіріп, бұл елді осы форматқа қосылуға немесе Ұйымға бақылаушы ретінде қатысуға шақырсақ, дұрыс әрі әділетті шешім болар еді. Өйткені Ресей ірі мемлекет ретінде көне заманнан бері түркі әлемімен тығыз байланыста болған. Бұл елде тарихи мекенін тапқан түркі халықтары көп. Қазіргі таңда Ресей «Алтай өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» деген тұжырымдаманы дәріптеуде. Қазақстан бұл тұжырымдаманы қолдайды. Орыс тілінде түркі тілдерінен тамыр тартатын сөздер де аз емес. Жалпы, Ресей түркі елдерінің, яғни біздің Ұйымның бір бөлігі болса, бәрімізге пайдасын тигізер еді.
Көлік-логистика саласындағы серіктестік. Жиында қаузалған тақырыптардың бірі осы. Түркі әлемін өзара байланыстыру ісінде Транскаспий халықаралық көлік бағытының алатын орны ерекше. Оған сандар дәлел. Мәселен, биылғы 9 айда Орта дәліз арқылы тасымалданған жүктің көлемі 30 пайызға артты. Соның ішінде транзиттік тасымал 90 пайызға өсті. Ал Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен теміржол арқылы жүк тасымалы 10 пайызға ұлғайып, 40 млн тоннаға жуықтады. Автокөлікпен тасымалданған жүк көлемі де 20 пайызға көбейіп, 6,5 млн тоннаға жетті. Президент елдегі Цифрландыру жайын да жіпке тізіп, тәжірибені бауырлас елдермен бөлісуге дайын екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Астанада Alem.ai жасанды интеллект орталығы құрылды. Жасанды интеллект саласына қажетті мамандар даярлайтын Qazaq AI Research университеті ашылды. Қуаттылығы 1 ГигаВатт болатын Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы құрылып жатыр. Екі суперкомпьютер іске қосылды. Таяу арада үшінші өте қуатты суперкомпьютер өз жұмысын бастайды. Цифрлық кодекс, Жасанды интеллект туралы арнайы заң қабылданды. Қажет болса, осы тәжірибемізді бауырлас елдермен бөлісуге дайынбыз. Өздеріңізге жақсы белгілі, биыл мамыр айында Түркістанда өткен басқосуда жасанды интеллект және цифрлық даму мәселесін талқыладық. Қазір сол жиында көтерілген бірқатар маңызды бастаманы жүзеге асырып жатырмыз. Бұдан бөлек, жақында Қазақстан мен Әзербайжан арасында Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі іске қосылды. Осы бірегей жобаның игілігін түркі мемлекеттері де көре алады. Бұдан бөлек, әлі де жедел атқарылуға тиіс жұмыстар аз емес. Атап айтқанда, Киберқауіпсіздік кеңесін, Цифрлық мониторинг және инновациялар орталықтарын құру бастамасын жүзеге асыруды тездеткен жөн. Бұл жобалар елдеріміздің цифрлық саладағы ынтымақтастығын нығайта түсетіні сөзсіз.
Бауырлас елдердің арасында мәдени-гуманитарлық ықпалдастық кең етек жайып келеді. Елде түркі елдері ғалымдарының қатысуымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты 7 томдық ауқымды еңбек әзірленіп жатыр. Бұдан бөлек «Түркі әлемінің киелі географиясы» 3 томдығы, көне түркі жазбаларының 5 томдық каталогы дайындалды. Түркі тілдері сөздігінің 25 томдығы да басылып шықты. Ал келер жылы Түркістан ислам әлемінің мәдени астанасы атанбақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Түркі әлемінің тарихында Алтайдың алатын орны ерекше. Биыл Қазақстанда «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі жоғары деңгейде өтті. ЮНЕСКО ұйымының шешімімен киелі Түркістан шаһары келесі жылы ислам әлемінің мәдени астанасы атанбақ. Біз осы бастама аясында түркі өркениетінің рухани үндестігі мен сабақтастығын сақтауға ықпал ететін ауқымды шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, әдебиет пен тіл мәселесіне арналған Қожа Ахмет Ясауи халықаралық форумы, сондай-ақ түркі және ислам әлемі мұражай ісі мамандарының жиынын өткіземіз. Ғалымдарымызды осы іс-шараларға белсене атсалысуға шақырамыз.
Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға төрағалық еткен Әзербайжан тарапына ризашылығын білдіріп, тізгінді қолға алған Түркия тың бастамаларды жүзеге асыратынына сенім білдірді. Сондай-ақ түбі бір түркі елдері Анкара декларациясын қабылдады. Иә, бауырлас елдер бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ортақ мақсат жолында бірлесе әрекет етуі керек. Сонда бауырлас елдер де өсіп-өркендей береді. Бүгінгі басқосу ұйым жұмысына жаңа серпін беріп, ықпалдастықты одан әрі нығайта түсетіні сөзсіз.
Авторлары: Әлішер Әли, Марат Диханбаев, Бахытбек Нұртаев