Сарапшы: Президент Жолдауы Қазақстанның ұзақ мерзімді даму бағытын айқындады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы Қазақстанның ұзақ мерзімді даму бағытын айқындады. 

Вашингтондағы Caspian Policy Center орталығының президенті Эфган Нифти елде көлік дәлізін дамыту, инвестиция тарту және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттеріне ерекше мән берілгенін атап өтті. Оның пікірінше, стратегиялық маңызды минералдарды игеру Қазақстан мен АҚШ ынтымақтастығына тың мүмкіндік ашады. Ал кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау шетелдік инвесторлармен қатар отандық бизнестің де дамуына ықпал етеді. Сондай-ақ Эфган Нифти  Қасым-Жомарт Тоқаев елде жаңа технологияларды, электр энергиясын тиімді пайдалану және жүк тасымалы жүйесінің дамуына айрықша назар аударғанын да тілге тиек етті. Каспий теңізі арқылы Орта дәлізбен жүк жеткізуді жеделдетіп, оны ұйымдастырып, тасымал шығынын азайту Қазақстанның халықаралық саудадағы орнын нығайтады, деді сарапшы.

Эфган Нифти, CASPIAN POLICY CENTER президенті әрі бас атқарушы директоры:

- Меніңше, Қазақстан жаңадан қалыптасып жатқан жүк жеткізу желісінің, яғни Орта дәліздің негізгі тораптарының біріне айналды. Бұл бағыт жылдар бойы тауар жеткізушілер үшін де, сатып алушылар үшін де сенімді екенін дәлелдеді. Жолдауда тасымал уақытын қысқартып, жолды жақындататын маңызды жобалар аталған. Олар осы бағытпен жүк тасуды коммерциялық тұрғыдан тиімді ете түседі. Жолдаудан Қазақстанның алдағы мақсаты мен оған жету үшін қандай қадамдар жасайтынын да аңғаруға болады. Елде қалыптасқан негіз бар. Ендігі міндет — соған сүйеніп, жүкті бұрынғыдан да жылдам әрі арзан жеткізудің жаңа мүмкіндіктерін ашу. Өйткені бұл дәліз құрлықтар мен өңірлерді жалғап, тауар өндірушілер мен тұтынушыларды байланыстырады. Географиялық орнына байланысты Қазақстан Орта дәлізде айрықша роль атқарады. Ал Жолдау елдің бұл бағытты одан әрі дамытуға саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да мүдделі екенін көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыз: