Қазақстан-Иордания сауда айналымы 2 есе өсті
Бүгін елге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Иордан Хашимит Корольдігінің Королі II Абдалла бен әл-Хусейн ресми сапармен келеді. Жоғары деңгейлі келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланады.
Жалпы биыл қос ел арасындағы тауар айналымы 3,6 млн долларға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Оның 1,4 млн доллары экспортқа, ал 2,2 млн доллары импортқа тәуелді. Елімізден Иорданияға жөнелтілетін заттардың басым бөлігі – өнеркәсіптік және өңделген өнімдер. Атап айтқанда автокөлік шиналары мен тіркемелер. Ал Иорданиядан Қазақстанға келетін импорт көлемі 35,4 пайызға өсіп, 2,2 млн долларға жетті. Қос ел арасындағы дипломатиялық қатынас 1993 жылы орнаған. 2007 жылдың сәуірінде Иорданияның Қазақстандағы Елшілігі, ал шілдеде Қазақстанның Иорданиядағы Елшілігі ашылды.