Ақаба процесі саммитінде жасанды интеллект жайы қаузалды
Жаһан жұртшылығы жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Ақылды зерденің мүмкіндігі мол, деп хабарлайды 24KZ.
Оны әскери салада, кибершабуылдарға және халықаралық тұрақтылыққа қатер төндіретін жобаларда пайдалануға ниеттілер де жоқ емес. Бүгін Астанада өткен айтуыл «Ақаба процесі» саммитінде саладағы қауіпсіздік жайы қаузалды. Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн және Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан президенттері қатысты. Сондай-ақ Әзербайжан Ұлттық жиналысының спикері мен Қырғызстан Сыртқы істер министрі және басқа да ресми тұлғалар келген. Ақаба процесі құрылған күннен бастап осы уақытқа дейін халықаралық деңгейде жалпы саны 35-тен астам отырыс, жұмыс сессиялары және министрлер кездесуі өтті. 4 жыл бұрын Гаагада киберқауіпсіздік және барлау қызметтерінің жедел ақпарат алмасу жағдайы ортаға салынды. 2023 жылы Нью-Йоркте интернет пен онлайн ойындардағы экстремизмге тосқауыл тақырыбы талқыланды. Биыл ақпанда Британиядағы Сэндхерст саммитінде әуе кеңістігін қорғау және дрондар қаупімен күрес мәселесі көтерілді. Ал қыркүйектегі жиында қарулы қақтығыс пен тұрақсыздық ошағына айналған Таяу Шығыс пен Ливанның қауіпсіздігін қолдауға баса назар аударылды.