Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің декларациясы қабылданды

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатысты. Мәскеудегі келелі жиында бес елдің басшылары бас қосып, өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар Ұйымның 2026 жылы атқарған қызметіне баға беріп, алдағы кезеңге арналған бағыттарды айқындады. Артынша ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясы қабылданды, деп хабарлайды 24KZ.

Әлішер Әли, тілші:

– Үлкен Кремль сарайында Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы басталды. Жиында ұйымға мүше мемлекеттердің өзара ынтымақтастығы мен өңірлік қауіпсіздік мәселелері талқыланады. Әсіресе бес елдің басшылары биылғы жылды қорытындылап декларация қабылдайды. Артынша Тәжікстанның 2027 жылғы төрағалығының басымдықтары таныстырылады.

Қазақстан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан және Қырғызстан. Бес елдің басшылары Үлкен Кремль сарайында бас қосты. Владимир Путин одақтас елдердің президенттерін қарсы алып, ортақ суретке түсті. Ал Армения кезекті мәрте жиыннан шет қалды.

Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы шағын құрамдағы кездесуден басталды. Әуелі президенттер өзара өзекті мәселелерді талқылап алды. Биыл Мәскеудің төрағалығымен өткен ұйымның атқарылған жұмыстары сараланды. Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытқаны үшін Владимир Путинге ризашылығын білдіріп, Ресей тарапының төрағалығын оң бағалады. Бұдан кейін Мемлекет басшылары халықаралық жағдай жөнінде пікір алмасып, кейін кеңейтілген отырысқа қатысты. Онда Тәжікстанның 2027 жылғы ұйымға төрағалығының басымдықтары қаузалды.

Жиын қорытындысы бойынша Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясы қабылданды. Ол биыл ұйым шеңберіндегі ынтымақтастықтың негізгі қорытындылары мен өзара іс-қимылдың болашақ басымдықтарына арналған. Тағы бір маңызды келісім – 2030 жылға дейінгі терроризмге қарсы арнайы стратегия.

Тараптар ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін экстремизмге қарсы жұмысты күшейтіп, ортақ жұмысты үйлестіруге ниетті. Құжатта терроризмге қарсы күреске әр елдің әскерімен бірге арнаулы қызметтері мен құқық қорғау органдарын да жұмылдыру жұмыстары пысықталған. Сондай-ақ әскери салада ұжымдық авиациялық күштерді дамыту мәселесі де көтерілді. Президент халықаралық терроризммен күрес, есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл, сондай-ақ жасанды интеллект технологиясының ықпалы ұлғайып келе жатқанын ескере отырып, ақпараттық қауіпсіздікті нығайту бағыттары бойынша күш-жігер жұмылдыру қажет екеніне назар аударды. Иә, еліміз үшін ұжымдық қауіпсіздік аясындағы байланыстың бірнеше маңызды бағыты бар. Әскери кадрларды даярлау, бірлескен оқу-жаттығулар, терроризм мен есірткі тасымалына қарсы күрес. Еліміз бұл ынтымақтастықты ұлттық қауіпсіздік мүддесіне сай дамытуға ниетті. Президент жиын соңында ұйымға төрағалық ететін Тәжікстан тарапын құттықтап, жауапты миссияны атқаруда сәттілік тіледі.

Авторлары: Әлішер Әли, Марат Диханбаев, Бахытбек Нұртаев

Сондай-ақ оқыңыз: