Үкіметте отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктері қаралды
Салықтық қарызы жоқ, несие тарихы мінсіз, бизнес жоспары ұтымды. Мемлекеттік қолдауға ие болу үшін кәсіпорындарға қойылатын негізгі талап осы, деп хабарлайды 24KZ.
Бүгін Үкімет отырысында отандық тауар өндірісін ширатып, экспортқа тәуелділікті төмендету тетіктері пысықталды. Биыл жоспарланған жаңа 200 өндірістің 125-і іске қосылған. Жыл соңына дейін қалған жобалардың құрылысы аяқталады.
Отандық тауар өндірісінің қазіргі жай-күйін сараламас бұрын министрлер кабинеті әр сала бойынша 10 айдың қорытындысын шығарды.


Мәселен, қайта өңдеу саласы 9,3 пайыз, энергетика - 11,3, ал ауыл шаруашылығы 5,2 пайыздық өсім көрсеткен. Өнеркәсіп пен құрылыстың жыл басынан бергі өнімділігі 58,5 трлн теңгеден асады. Оның ішінде құрылысқа қатысты өндіріс көлемі 13 пайызға ұлғайса, өнеркәсіп 3,5 процентке өскен. Қаңтар-қараша аралығындағы ауыл шаруашылығының өнімділігі 9 трлн теңгеге жуықтады. Шаруаларға арналған жеңілдетілген несие мөлшері биыл алғаш рет 1 трлн 200 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде мемлекет қолдауына 25 мың шаруашылық ие болыпты.
Үкіметте есеп берген Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев биыл 200 инвестициялық жоба толық іске қосылатынын жеткізді. Сөйтіп жаңа кәсіпорындар 17 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтымақ. Оның ішінде 5,5 мың жаңа жұмыс орны ауыл-аймақта ашылады.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
– Айта кету керек, бұл жобалар Қазақстанда бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлерін игеруге мүмкіндік береді. Олардың қатарында теміржол бандаждары, доңғалақтар, престеу жабдықтары, ламинат, тамшылатып суару жүйелері және кофемашиналарға арналған алюминий капсулалары бар.
Премьер-министр өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне үш ай ішінде отандық тауар өндірушілерді арнайы тізілімге енгізу рәсімін жетілдіруді тапсырды. Қазір мұнда 70 мыңнан астам тауар түрін шығаратын 2700-ге жуық өндіруші тіркелген. Тізілімге ену бұдан былай мемлекеттік цифрлық сервис арқылы жүзеге асуы тиіс. Алдағы уақытта тізілім мемлекеттік сатып алу платформасымен біріксе, қазақстандық тауар өндірушілерге басымдық беру тіптен жеңілдей түспек.
Әрбірден соң отандық өндірушілерді қолдау – мемлекеттік мүдде екенін Олжас Бектенов отырыста тағы бір еске салды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
– Қарапайым сөзбен айтатын болсақ, біз бюджеттен қаражат бөлсек, оны игеретін компания қазақстандық болу керек. Ол ақшаға сатып алынатын материалдар қазақстандық болу керек. Болды. Бұл оңай қағидат оны біз ұстануымыз керек. Ал егер Қазақстанда қандай да бір тауар өндірілетін болса, біз оны сатып алмай, импорттап әкелетін болсақ, бұл – мемлекет мүддесіне қайшы келетін әрекет. Оны үзілді-кесілді айту керек. Бұны үкімет мүшелері, өңір басшыларына айтатыным. Ескеріңіздер.
Бақыт Топтаева, тілші:
– Үкімет отырысында энергетика, жасанды интеллект және цифрлық даму, ауыл шаруашылығы және өзге де министрлік басшылары әр салада атқарылған жұмыстарды қорытындылап, болашақ жоспарларды пысықтады. Премьер-министр Олжас Бектенов «Халықтық құрылыс» жобаларына қажетті тауарлар импортын қысқарту мақсатында отандық өндірушілерге барынша қолдау көрсетілетінін атап өтіп, жаңа жобалардың уақытылы тапсырылуын міндеттеді.
Отырыстан кейін ұйымдастырылған брифингте тауар өндірушілерді қолдау тетіктері тарқатылды. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бірқатар бағдарламасы іске қосылған. Соның бірі – шағын және орта бизнеске арналған «Өрлеу» жобасы. Бұл – 7 млрд теңгеге дейін берілетін несиені 10 жылға дейін созып қайтаруға мұрсат беретін қаржылық құрал.
Фархад Сәрсекеев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасының төрағасы:
– Басымдық берілетін салалар – өндіріс, туризм, логистика, транспорт және IT салалары. Енді талаптарға келер болсақ, біз өзіміз қойып отырған және банк талаптары бар. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ тікелей өзі қаржыландырмайды. Банктер арқылы қаржыландырады. Сондықтан біздің қойып отырған талаптар: міндетті түрде салық төлеу керек; бизнес жоспары болуы керек; өзінің үлесі болуы керек.
Өңір ерекшелігіне қарай, шағын кәсібін дөңгелетемін дейтіндерге «Іскер аймақ» бағдарламасы түзілген. Бұл да – 200 млн теңгеге дейін қаржы бөліп, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жоба. Кәсіпкерлікті дамыту қоры биыл «Арманнан іске» акселерациялық бағдарламасын қолға алыпты. Қанатқақты жоба жаңадан іс бастағысы келетін жандардың бастамаларын сүзгіден өткізіп, тиісті қолдау көрсетеді. Жоба оң нәтиже берсе, болашақта барлық өңірде іске қосылуы әбден мүмкін.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Ақылбек Есімсейіт