Жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы өтті

Жаңа Азаматтық кодексті дайындауда халықаралық тәжірибе ескеріледі.

Бірақ ол күрделі терминдерсіз, сауатты әрі түсінікті жазылуы тиіс. Сонымен қатар азаматтық-құқықтық қатынастарды заман талабына сай реттеп, тұрғындардың мүддесін қорғауы керек. Бұл туралы Құрылтайда Кодексті әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысында айтылды. Топ құрамында Құрылтай депутаттары, мүдделі мемлекеттік орган өкілдері және ғалымдардан құралған 35 азамат бар. Олар әр 2 апта сайын бас қосып, жаңа құжаттың әр бөлігін талқыға салады. Сондай-ақ өз ұсыныстарын енгізіп отырады. 

Үнзила Шапақ, Құрылтай депутаты:

- Қандай мәмілелер жасау мүмкіндігі бар, мәміле жасалған соң оған күмән туындайтын болса, кейде алданып қалып жатады азаматтар. Жасалған шарттардардың, мәміле, келісімдердің заңға сәйкестігін, заңдылығын, оның алдаусыратқаны дегені сияқты – осының бәрі Азаматтық кодекспен реттеледі. Кез келген адам ала салып Кодекстің ішінен іздеген нәрсесін тауып алу қиындау. Себебі ол өте күрделі құқықтық түсінік, ұғымдардан, институттардан тұрады. Міне осыны жүйелеп, жалпы халық тұрғысынан ыңғайлы болсын деген мәселелер талқыланып жатыр.

Қолданыстағы Азаматтық кодекс 90-жылдары қабылданған. Алайда цифрлық экономиканың қарқынды дамуы мен  онлайн мәмілелердің артуы – жаңа құжаттың қажеттілігін көрсетті. Кодекс, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, келер жылдың соңына дейін қабылдануы қажет.

Сондай-ақ оқыңыз: