Энергия тұтынуды автоматты есептейтін жүйе енгізілмек
Елімізде әр пәтер мен ғимараттың қанша энергия тұтынатынын автоматты түрде есептейтін жүйе енгізілмек. Бүгін Құрылтайда энергия үнемдеуге қатысты екі заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды 24KZ.
Депутаттардың айтуынша, жүйе есептегіш көрсеткіштерін қашықтан алуға мүмкіндік береді. Осы деректер арқылы қала мен шағын аудандарға қанша қуат көзі қажет екенін анықтап, өндіріс көлемін соған сай жоспарлауға болады. Құжат мектеп, аурухана және балабақша сияқты бюджеттік мекемелердің энергия тұтынуын бақылауды көздейді. Ал қуат көзін белгіленген мөлшерден артық жұмсаған немесе тұтыну туралы деректі уақытында ұсынбаған ұйымдарға әкімшілік жауапкершілік қаралып отыр.
Арман Қалықов, Құрылтай депутаты:
– Ұсынылған заң жобаларын қабылдау мемлекеттік реттеудің қолданыстағы тетіктерін жетілдіруге, өнеркәсіпте және бюджеттік секторда энергия үнемдейтін технологияларды қолдануды кеңейтуге, энергетикалық сервистер нарығын дамытуға жағдай жасауға және түптеп келгенде, еліміздің энергетикалық ресурстарын неғұрлым ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.