Дербес сайлау мен күшейген құзырет
Елде мәслихат сайлауы ескі сүрлеуінен кетіп, жаңаша сипат алды.
Ширек ғасырға жуықтағанда өз алдына жеке саяси науқан өткізіп жатыр. Мемлекет басшысы биыл қазанда барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Осылайша азаматтардың жергілікті жердегі мүдделерін білдіру, бюджеттерді бекіту және өңірлердің дамуын бақылау күшейтіліп жатыр. Ал халық сөзі мен ісі сәйкес келетін депутаттарды сайлап алуға мүмкіндігі бар.
Парламенттің тасасында дауысқа таласқан мәслихаттың биыл дербес сайлауы. 23 жылда алғаш рет өтіп жатыр. Үлкен кандидат тұрғанда кіші үміткерді ел елей қоймайтын. Тіпті жергілікті күн тәртібі де республикалық саяси бәсекенің көлеңкесінде қалып келген еді.
Меруерт Қабылбаева, парламентаризм институтының орталық басшысы:
- Республикалық деңгейде көбіне танымал адамдар болатын. Олардың үгіт-насихаттары да барлық республикалық телеарналардан белсенді өтетін. Сол себепті көп назарды республикалық деңгейдегі парламентке ұсынылып отырған азаматтар алып кететін. Жергілікті адамдарға жергілікті мәселелерді талқылауға уақыт жетпей қалып жатты десе де болады.
Мұны бұрын қалыпты көрсек, негізі қауіпті екен. Өйткені өңірдегі өмірді, көңіл-күйді жергілікті депутат жете біледі. Ал мәжіліс ауыл-аймақты жылына бір аралап, арыз-шағымды жиып алғанмен күнделікті мәселені кідіріссіз шешуге реті келмейді. Мәслихат Астанадан алыс. Тікелей міндеті – тек халықпен тілдесу. Ол үшін азаматтар да кандидатты танып, бағдарламасын бағамдау керек. Сондықтан мәслихат сайлауына жіті мән беріліп, жеке өткізілмек.
Талғат Қалиев, саясаттанушы:
- Жергілікті мәслихат - нағыз жергілікті саясаткер. Өйткені ол халықтың арасында жүретін адам. Жолымыз болсын, мектеп, емхана соның бары-жоғы немесе нәтижесі тура мәслихаттың қолында. Дұрыс сұрақтарды көтеру керек, дұрыс соның бәрін жеткізу керек. Берген уәделерін ұстану керек. Соның бәрін жасап жүрсе мүлде басқа саясаткер болады.
Енді дерекке кезек. Бұл аралас сайлау жүйесі. Облыстық, республикалық маңыздағы қалалар мен астана мәслихаттарында депутаттардың 50%-ы партиялық тізім, қалған жартысы бір мандатты аумақтық округтер бойынша өтеді. 7 саяси партия қатысып жатыр. Ал аудандық және облыстық маңыздағы қалалардағы кандидаттар 100% бір мандатты округтер арқылы бақ сынайды. Елдегі 228 мәслихатқа 3 447 депутат 5 жыл мерзімге сайланады. Жалпы тіркелген үміткерлер саны 11 мыңға жуықтаған.
Төлеген Күнәділов, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:
- Жаңа Конституция қабылданды. Елімізде үлкен саяси реформалар жүзеге асырылды. Саяси реформалардың логикалық нүктесі ретінде бүгінгі таңда болып жатқан жергілікті мәслихаттардың сайлауы. Жергілікті депутаттар болсын, Халық Кеңесінің мүшелері болсын, жергілікті деңгейде шешімін таппай жүрген мәселелерді жалпы ұлттық күн тәртібіне айналдыруына мүмкіндіктері бар. Мәслихат депутаттары мен Құрылтай депутаттарын өзара байланыстыратын кеңес құрылды.
Жергілікті мәселенің республикалық деңгейге көтерілуіне кедергі жоқ. Керісінше берік көпір орнады. Қазақстан Халық Кеңесінің 42 мүшесі – мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес өкілдерінен құралған.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті 24.09.2026
- Мәслихаттар Парламентпен тығыз байланыста жұмыс істейді. Олар аймақтағы мәселелерді орталыққа жеткізіп, заңдарды жетілдіруге қатысты өз ұсыныстарын тұрақты түрде беріп отырады.
Өткен мәслихат жергілікті билікке сөзін өткізе алмайтын. Әкімдіктің әлеуеті күштірек еді. Бүгінгі мәслихаттың мысы басым. Меселі қайтпайтындай құзырет берілді.
Меруерт Қабылбаева, парламентаризм институтының орталық басшысы:
- Мәслихаттарға көбірек құзырет берілді. Мысалы, әкімнің айтып өткен уәделерін қадағалауға құқылы енді. Бұрын бюджетті мәслихатқа сессияның алдында әкеліп тек қарауға және қабылдауға беретін болса, енді бюджеттік комиссияларға мәслихат депутаттарының қатысуға құқығы бар. Ертерек барып, бірге бюджетті дайындауға құқылы. Ертең мен көрмедім, білмедім деп отырмайды. Сосын депутаттық сауалдар. Бұрын мемлекеттік органдар бір ай көлемінде қарап, жауап берсе енді 15 күнге шегерілді.
Шегерілді демекші, мәслихат төрағалығына мерзім де шектелді. Шақырылым сайын сайланбайды. Ірілік танытса тек 2 рет іріктелуге мүмкіндігі бар. Негізі депутаттық қызмет – ардың ісі. Мандат мансап жасап, мақтан қууға берілмейді. Ақы алмаса да халықтың хақы үшін еңбек етеді. Үдеден шығу бәріне сын. Өйткені жергілікті өзін өзі басқару заңын өзгертудің өзегі – мәслихаттың өкілетін көтеру еді. Енді түйдек-түйдек мәселенің түйінін солар ғана тарқатады. Сайлаушылар да «санда бар, санатта жоқ» деген атқа қалмай, абыройлы қызмет атқаруына сенім артып отыр.
Авторлары Нысаналы Ығыл, Қанат Махмұтов