375,77 406 5,90

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚР Сыртқы істер министрі Мәскеуде ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен кездесті

  • 773
  • UPD: 10:06, 21.01.2017

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Мәскеуде ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен кездесті.

Дипломаттар Еуразия экономикалық одағы аясындағы бірлескен іс-шаралар және бірер күннен соң елордада өтетін Астана процесі жайлы әңгіме өрбітті. Кездесудегі басты жетістіктің бірі – алдағы екі жылда бірлесе атқаратын шаралардың жоспарына қол қойылды.

Айта кеткен жөн, биыл Қазақстан мен Ресей арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Тәуелсіздік жылдары Қазақстан мен Ресей тамыры тереңде жатқан тарихи байланысын жаңа деңгейге көтерді. Екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға екі елдің тұрақты кездесіп, келіссөздер жүргізуі сеп болды. Осы уақытқа дейін шешімін таппаған бірде-бір мәселе болған емес.

Осыған дейін Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Біріккен ұлттар ұйымы мен АҚШ өкілдерін талқылауға шақырған еді. Ол өз кезегінде Астана процесі бітіспес дауды тоқтатып, бейбіт шешім қабылдауға сеп болар деген сенімін білдірді.

Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі:

- Қазақстан Сирия дағдарысының шешімін табуына атсалысып келеді. Келіссөзге қатысатын қай тарап үшін болмасын Астана талқылау өткізетін ең оңтайлы алаң. Бұл кездесудің басты жетістігі оппозиция мен биліктің бір жерде пікір алмасуы. Осыған дейін ондай болған емес.

Хабар 24 телеарнасы