386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бақытжан Сағынтаев бірқатар елшімен кездесу өткізді

  • 547
  • UPD: 17:05, 05.05.2017
Бақытжан Сағынтаев бірқатар елшімен кездесу өткізді

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Испанияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Педро Хосе Санс Серраномен кездесу өткізді.

Кездесу барысында екі елдің экономика, ауыл шаруашылығы, ауылшаруашылық машиналарын құрастыру, тамақ өнеркәсібінің түрлі салаларындағы, сондай-ақ туризмді дамыту саласындағы алдағы өзара тиімді ынтымақтастық мәселелері талқыланды.  

Испания үкіметі елінің ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесіне қатысуын алғашқылардың бірі болып растады. Испания жаңартылмалы энергия көздері саласында көшбасшылар қатарында.

Сондай-ақ  Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Біріккен Араб Әмірліктерінің ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті елшісі Мұхаммед Аль-Джабермен кездесу өткізді.

Кездесу барысында екі елдің сауда-экономикалық, қаржы, инвестициялық және өзге де даму салаларындағы ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелері, сондай-ақ, ҚР Президенті Н. Назарбаевтың БАӘ-ге 2017 жылғы 15-16 қаңтардағы ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарын іске асырудың алдын ала қорытындылары талқыланды.

Қазіргі таңда Қазақстанда Дубайдың халықаралық қаржы орталығымен, Абу-Дабидің «Mubadala» мемлекеттік инвестициялық-девелоперлік компаниясымен, Ядролық энергетика жөніндегі ұлттық корпорация мен БАӘ-нің өзге де ірі компанияларымен бірлескен жобалар белсенді түрде іске асырылуда.

Б.Сағынтаев Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Джордж Кроллмен де кездесу өткізді.

Кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен оның перспективалы бағыттарын кеңейту, соның ішінде жоғарғы технологияларды дамыту мен Қазақстан экономикасына инвестициялар тарту саласындағы мәселелер талқыланды. Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың биыл сәуір айындағы АҚШ-қа жұмыс сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар мен болжанған нақты жобаларды іске асыру бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды.

Хабар 24 телеарнасы