389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Моңғолия Президенті елордаға келді

  • 804
  • UPD: 12:24, 08.06.2017

Бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін Астанаға Моңғолия елінің Президенті Цахиагийн Элбэгдорж мырза келді.

Цахиагийн Элбэгдоржтың ұшағы Астана әуежайына келіп қонды. 2009 жылдан бері Моңғолия елін басқарып отырған мәртебелі мейман Қазақстанға алғаш рет келіп отыр.

Айта кетейік, 2004 жылы Ташкент қаласында өткен саммит барысында Моңғолия Шанхай ынтымақтастық ұйымының байқаушысы болып атанған бірінші мемлекет болды. Содан кейін моңғолиялық делегаттар ұйымның бірқатар шарасына қатысты. Мәселен, 2010 жылы Ұланбатыр қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының іскерлік кеңесі де өткен болатын. Ал сол кездегі сыртқы істер министрі мүше елдердің ғалымдарының форумын Ұланбатырда өткізу туралы ұсыныс жасаған болатын. Кейін де шетелдік дипломаттар Моңғолияның Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы рөлін арттыру туралы сөз қозғаған.

Ал Қазақстан мен Моңғолияның ынтымақтастығы жайлы айтатын болсақ, біздің дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылы орнатылған. Екі ел арасында 40-тан астам келісімшартқа қол қойылды. Қазіргі таңда Моңғолия-Қазақстан Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия өз жұмысын жемісті атқарып жатыр. Мәселен, тек ағымдағы жылдың 3 айында екі елдің тауар айналымы 15 млн долларды құрады. Ал «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақстан темір жолы» сынды алып компаниялардың басшылары Моңғолияға отандық өнімдерді экспорттау туралы келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық салада ҚР мен Моңғолия арасында 8 келісімшартқа қол қойылды. Үкіметаралық келісім негізінде жыл сайын екі мемлекет студенттермен алмасып отырады. Моңғол және қазақ халқы арасында ертеден келе жатқан дәстүрлі, тарихи және мәдени байланыс бар екендігін атап өткен жөн.

Авторы: Дариға Ташенова

Хабар 24 телеарнасы