389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбекстан Республикасының Президенті Астанаға табан тіреді

  • 631
  • UPD: 14:27, 08.06.2017

Бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін Астанаға Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев келді.

Шавкат Мирзиеевтің ұшағы Астана әуежайына келіп қонды. Өзбекстанның жаңа Президенті өз лауазымына кіріскеннен бері екіжақты қарым-қатынасты белсенді дамыта бастағанын байқауға болады. Көрші елдің басшысының наурыз айында Астанаға келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі соның айқын дәлелі. Бүгін Шавкат Мирзиеев Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті мен ЕХРО-2017 халықаралық көрмесінің ашылуына қатысады деп жоспарланып отыр.

Естеріңізге салайық, былтыр ауқымды шара Ташкент қаласында өткен болатын. Шавкат Мирзиеев өз сұхбатында Қазақстан Өзбекстанның ең басты экономикалық әріптестерінің бірі екендігін ерекше атап өткен. Қазір екі елдің қарым-қатынастары жаңа қарқынға ие болып жатыр. Өзбекстанда қазақстандық капиталы бар 230 кәсіпорын жұмыс істейді. Ал бізде көрші елдің қатысуымен ашылған 130 кәсіпорын бар екен. Болашақта қос мемлекет өзара тауар айналымын арттыруды көздеп отыр. Сыртқы сауда айналымы 2005 жылдан 2013 жылға дейін 4 есеге артып, 2 млрд доллардан асты. Ал қазір бұл көрсеткіш 1,5 млрд долларға тең.

Естеріңізге сала кетейін, биыл Астанада Қазақстан мен Өзбекстанның бизнес форумы өтті. Бұл ауқымды шара барысында тараптар сомасы 840 млн долларды құрайтын 91 келісімшартқа қол қойылды. Екі елдің президенттері кездескеннен кейін 2020 жылға дейін тауар айналымын 5 млрд долларға дейін арттыруды тапсырды. Қазір біз Өзбекстанға химиялық өнімдерді экспорттайтын болдық. Ал көрші елден бізге жеміс-көкөністер экспорты біршама артты. Әрине, бауырлас, көршілес халықтар арасындағы тарихи достықтың тамыры тереңде екендігін де айта кеткен жөн.

Авторы: Дариға Ташенова

Хабар 24 телеарнасы