385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкіметте Қазақстанның туристік саласын дамытуға арналған тұжырымдама мақұлданды

  • 575
  • UPD: 21:08, 27.06.2017

Құжат халықаралық тәжірибені ескере отырып жасалған. Тұжырымдаманың өзі саланы 2023 жылға дейін дамытуды көздейді.

Жалпы аумағы 20 мың га дан асатын емдік қасиеті мол өлке – Алакөл – бүгінде 2 миллион туристі қабылдай алады. Осы орайда, өңірдің бар әлеуетін толық пайдалана білу маңызды. Үкіметтің бүгінгі отырысында Премьер-министр осыдан бір ай бұрын Шығыс-Қазақстан облысы әкімінің Алакөлдің туристерді қарса алуға дайын еместігін айтқанын есіне алып, аймақ басшысынан сол уақыттан бері атқарылған жұмыстардың есебін сұрады. 

Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан Республикасының премьер-министрі:

- Егер қателеспесем, мамырда Алакөл пансионаты қонақтарды қабылдауға дайын еместігін айтқан болатынсыз. Қазіргі жағдай қалай қалыптасып отыр?

Даниал Ахметов, Шығыс-Қазақстан облысының әкімі:

- Алакөлге жақында екі рет бардым. Ол жерде 147 нысан бар. Біз тиісті меморандумға қол қойып, оған сәйкес 550 млн  теңге инфрақұрылымды құруға бөлінді. Өкінішке қарай, 24 нысанда ешқандай жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ. Бүгінде дайындықсыз нысандардың барлығы кәсіпкерлік қызметке рұқсат алмайды. Таяу арада бұл жерге тағы да барып, шешілмеген мәселелерді қарастыратын боламыз.

Алакөлдің жағдайы еліміздің Мәдениет және спорт министрінің жіті бақылауында. Оның айтуынша табиғатта баламасы жоқ, ерекше мекенді тек қазақстандықтар үшін ғана емес, бүгіл әлем үшін тартымды ете білген маңызды. Алакөлді «әлемдік брендке» айналдыру керек, дейді министр. Жер бар, көл бар, мақсатты жүзеге асыруға қаражат пен тапсырма да берілген. Оның орындалуы тек уақыт еншісінде. Көптен күткен еңбек демалысын, ведомство басшысы шетел елде емес, Алакөлде өткіземін, дейді.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Мен сізге айтайын, үш жыл әлі демалысқа шыққан жоқпын.

- Енді шығатын болсаңыз, қайа демаласыз?

- Енді әрине Алакөлге барамын. Сіздерді де шақырамын.

 Үкімет отырысына селекторлық режимде қатысқан Қызылорда облысының әкімі «Байқоңырдағы» туристік аймақты дамыту жайын пысықтады. Ол үшін мамандар америкалықтардың ғарыштық туризмін зерттеп шыққан. Аймақ башысының келтірген мәліметіне сенсек, АҚШ-тың ғарыш айлағына 3 млнға жуық турист барады екен. Енді біз жағажайы жоқ мекенге саяхатшыларды қалай тарту керектігін америкалықтардан үйреніп жатырмыз. 

Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:

- Роскосмоспен бірлесе «Байқоңыр» туристік аймағын құру тұжырымдамасы әзірленді. Біз онда «Қорқыт Ата» кешенін, Қамбаш көлін және мәдени мұраның басқа да нысандарын енгізіп отырмыз. Бүгінде 10-ға жуық компания осы туристік тұжырымдамамен жұмыс істеп жатыр. 

Қазақстан туризмді дамыту ісіне білек сыбана кірісті. Мұны саланы дамытудың тұжырымдамасын талқылауға БҰҰ Бүкіләлемдік туристік ұйымының бас хатшының қатысқанын-ақ байқауға болады. Шетелдік сарапшы жай келмей, Қазақстандағы туризмді алға жылжыту үшін қолға алынуы тиіс шараларды тізіп әкеліпті. 

Талеб Рифаи, БҰҰ Бүкіләлемдік туристік ұйымның бас хатшысы:

- Қазақстанға жету жолы жеңіл әрі арзандатылуы керек. Осы орайда Визаны алу шараларын оңайлатқан маңызды. Екіншіден, республиканың имиджіне инвестиция құйған жөн. Қазақстан стратегиясында үшінші екпінді қызметкерлер құрамын оқытуға қоюы тиіс. Осы орайда қажетті курстарды қамтамасыз етіп, дұрыс білім беріп, тиісті саясатты қалыптастыру керек.

 Визаны алу шаралары жеңілдей ме жоқ, па әлі белгісіз. Ал ұшақ билеттерінің бағасы арзандауы әбден мүмкін. Инвестициялар және даму министрінің айтуынша, егер мұнайды жергілікті зауыттар көбірек өндірсе, демек азаматтық авиация толығымен отандық керосинмен қамтамасыз етілсе, билеттің құны да арзандайды. 

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

- Бізге жыл сайын 800 мың тонна авиакеросин керек. Қазіргі кезде Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауыты тек 300 мың тоннаны беріп отыр. Сол себепті Ресейден сатып алуға мәжбүрміз. Ол өнімнің бағасы 30-40 пайызға қымбат. Ал ұшақ билеттері бағасының 30-35 пайызы - керосиннің құны. Демек, керосиннің бағасы түссе, билеттің құны да арзандайды. Жоспар бойынша келесі жылдан бастап азаматтық авиация отандық керосинмен толығымен қамтамасыз етіледі.

Алайда әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бүгінде мұнай өндіру саласын дамытуға қарағанда туризмді алға қою тиімдірек. Мысалы, Испания сияқты елдің жалпы ішкі өнімнің 62 пайызын осы туризм саласы қамтамасыз етіп отыр. Еуропамен салыстырғанда біздегі көрсеткіш өте төмен, әрине. Мақсат – 8 пайызға жеткізу. Қазақстанның туристік саласын дамытудың тұжырымдамасы екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірі 2017-2019 жылдары атқарылса, келесі 2023-інші жылға дейін аяқталуы тиіс. 

Авторлары: Мөлдір Доспаева, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы