385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Британиялықтар Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделі

  • 486
  • UPD: 11:39, 25.08.2017

Лондонда халықаралық саясаттың түрлі аспектілерін талдау саласында қазақстандық және британиялық «ақыл-ой орталықтарының» өзара қарым-қатынасын нығайту мәселелері талқыланды.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының басшылығы Ұлыбританияның жетекші сараптамалық орталықтары және зерттеу институттарының өкілдерімен кездесіп, білім саласы бойынша да бірқатар келісімге келді.

Корольдік институт халықаралық қатынастар саласындағы британиялық сараптамалық орталық саналады. Оның мүшелері маңызды саяси үдерістер мен қатынастарды талқылаумен айналысады. Тәуелсіз зерттеушілер мемлекет басшылары үшін сыртқы саясат мәселелері бойынша соны идеялар мен талап-тәсілдерді ойлап табады. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры бұл кездесудің жемісті болғанына қуанышты.

Ержан Салтыбаев, Әлемдік экономика және саясат институтының директоры:

- Британиялық сарапшылардың қатысуымен биыл қарашада өтетін «Астана клубының» болашақ әлеуеті туралы әңгіме қозғадық. Гуманитарлық қарым-қатынас мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Осылай өзара ортақ келісімдерге келдік.

Сапар барысында Қорғаныс зерттеулері Біріккен Корольдік институтының, Жаһандық стратегиялық зерттеулер институтының, Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігі жанындағы «Уилтон Парк»  сараптамалық қорының өкілдерімен және Эдинбург Герцогі қорының Бас хатшысымен де мазмұнды кездесулер өтті. Принц Филипп, Эдинбург Герцогі білім сыйлығын 60 жылдан астам уақыт бұрын дарынды жас буын өкілдері үшін деп тағайындағаны белгілі. Енді бұл жүлдені қазақстандық жастар да иеленуі мүмкін.

Джон Мэй, Эдинбург Герцогі қорының бас хатшысы:

- Бүгінгі кездесу өте жақсы өтті және біз Эдинбург Герцогі қорының көмегімен мыңдаған қазақстандықтың халықаралық деңгейде танылу мүмкіндігіне ие болатынына өте қуаныштымыз.

Әлемдік экономика және саясат институтының қызметі геосаясат, халықаралық қатынастар, жаһандық экономика, қауіпсіздік мәселелерін зерттеуге негізделген. Сонымен қатар ҚР Тұңғыш Президентінің жұмысы мен оның Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде құру мен нығайтуға және жаһандық бейбітшілік келіссөздерін жүргізуге қосқан сүбелі үлестерін бағамдайды.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Британиялықтар бүгінде геосаясат мәселелері бойынша Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделі. Өйткені олардың Орталық Азияда болып жатқан процестерге деген қызығушылығы орасан. Ал Қазақстан үшін әлемдегі негізгі ойыншылар сараптаған ақпарат көздеріне мүмкіндігінше бір табан жақын болған тиімді.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы