389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2018-2020 жылдарға арналған бюджет жобасы Сенат депутаттарына таныстырылды

  • 1051
  • UPD: 15:37, 19.10.2017

Бүгін 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы Сенат депутаттарына таныстырылды.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, ақша тек әлеуметтік бағдарламаларға ғана емес, экономиканы цифрландыруға да бөлініп отыр. Бұл бағытта қазынадан 13 миллиард теңге жұмсау жоспарда бар. Ал, индустриалды инновациялық даму жобаларына 200 миллиард теңгеден астам қаржы қаралған. Осының есебінен елге инвесторлар тартып, өңдеу өнеркәсібін дамыту көзделіп отыр. Сонымен қатар, ірі көліктік дәліздер салып, Нұрлы жол бағдарламасын жүзеге асыру жалғасады.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

- «Нұрлы жол» бағдарламасына 511,9 млрд теңге бөлінеді. Жоспар бойынша оның жартысы 2018 жылы игерілуі тиіс. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасына 211 млрд теңге қаралған. Оның 37 миллиарды тұрғын үйлердің инженерлік-коммуникация инфрақұрылымын дамытуға бағытталады. Әлеуметтік әлсіз топтарды жалдамалы баспанамен қамту үшін 25 млрд теңге жұмсалады.

Сондай-ақ бүгін сенаторлар халықты алаңдатып отырған жанармай бағасын да қызу талқылады. Есеп берген Энергетика министрінің орынбасары Бақытжан Жақсалиевтің айтуынша, алдағы уақытта бензин құны 165 теңгеге жетуі мүмкін. Себебі қазақстандық компаниялар отынды Ресейден сатып алуға мәжбүр. «Жанармай тапшылығы реттелген соң, оның бағасы да түсуі тиіс», деді Б.Жақсалиев.

Хабар 24 телеарнасы