386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан арасында үкіметаралық келіссөздер өтті

  • 577
  • UPD: 21:51, 25.11.2017

Өзбек елі қалталы қазақ инвесторларын қабылдауға дайын.

Ташкентте өткен екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның отырысында Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Ачилбай Раматов осылай деп ағынан жарылды. Әріптесімен ашық әңгіме өрбіткен Асқар Мамин екі ел басшысының тапсырмасын бірлесе жүзеге асыруға әзір екенін жеткізді.

Қанат Жүнісбеков,Twitter@Kanat_Shim:

- Бауырлас елдер арасындағы бұрыннан келе жатқан байланыстың дипломатиялық тұрғыда негізделгеніне ширек ғасыр толып отыр. Осы аралықта тәуелсіз елдер арасында шекара шегенделіп, шөңге сым тартылғанымен барыс-келіс азайған жоқ. Қайта Ұлы Жібек жолы бойындағы стратегиялық әріптес қос мемлекеттің арасында сауда-саттық жақсарып, жыл өткен сайын экономикалық байланыс артып келеді.

Екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның отырысы ашық диалог тұрғысында өрбіді. Өзбекстан Республикасы Премьер- министрінің бірінші орынбасары Ачилбай Раматов қазақстандық инвесторларды ірі құрылыстарға қаржы құйып, жерасты қазба байлықтарын бірлесіп өндіруге шақырды. Оған қоса металл өндірісі бойынша біздің елдің мол тәжірибесі бар екенін атап өтті. Дипломатиялық қатынас жүйеленген 25 жыл ішінде оңтүстіктегі көршіміз алғаш рет осындай бастама көтеріп отыр.

Ачилбай Раматов, Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- 25 жыл әрине, аз уақыт емес. Осы аралықта бірқатар ілкімді іс атқарылды. Биылғы жылы тауар айналымы өсті. Алда барлық сала бойынша әріптестік орнатып, қарым-қатынасты одан әрі жақсартамыз.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин кездесу барысында тауар айналымының ауқымы екі тарапта да 30 пайызға ұлғайғанын атап өтті. Екі ел басшысының тапсырмасын жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан ауқымды істерге тоқталды. Қазақ жерінде бірлескен машина жасау өндірісі мен Өзбекстанда теміржол саласында қажетті құрылғыларды шығару кәсіпорнын құру жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.

Комиссияның отырысында энергетика, кеден, мұнай-газ, көлік және транзит, туризм, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты байланыс мәселелері, сондай-ақ әскери және әскери-техникалық салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

- Биылғы жылы жасалған келісімдердің алғашқысы орындала бастағаны бізді қуантады. Яғни Өзбекстан Қарулы күштеріне оптикалық түнгі көру құрылғысы жеткізілетін болды. Бұл осы комиссияның бірлесіп атқарған жұмысының жемісі деуге болады.

Орталық Азия аймағында жетекші позицияға ие болып отырған екі ел арасындағы сауда-экономикалық әріптестік нығайып келеді. Қазақстанда өзбек капиталын салған 800-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Тиісінше бұл көрсеткіш көрші елде де еселеп артпақ. Комиссия отырысында теміржол саласын жандандыру мен экспорттық тауар тасымалына жеңілдік жасау мәселесі де сөз болды.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Бірлескен үкіметаралық комиссияның жұмысының нәтижесінде тиісті хаттамаға қол қойылды.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Зафар Халилов

Хабар 24 телеарнасы