384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Балаларды жағымсыз ақпараттан қорғау туралы заң жаңа жылда қабылдануы мүмкін

  • 857
  • UPD: 22:01, 27.12.2017

Мәжіліс депутаттары жаңа жылдың басында аймақтарды аралайды. Бұл туралы бүгін Палата төрағасы Нұрлан Нығматулин хабарлады. 

Сондай-ақ ол III сессияның қорытындыларына тоқталып, атқарылған жұмыстың нәтижелерімен бөлісті.

Елбасының бастамасымен жүзеге асқан конституциялық реформаға сәйкес Парламент жаңа форматта жұмыс істеп келеді. Заң шығарушы органға 40-қа жуық өкілеттілік берілді. Бұл жаңашылдық оң нәтижесін көрсетіп, қабылданған заңдардың сапасы артты. Үшінші сессия басталғалы депутаттар 80 заң жобасын қарауға алды. Олардың 42-сі қолдау тауып, мақұлданды. Үкіметке қойылатын талап та күшейді. Депутаттар заң жобаларын талқылағанда өзгерістер мен толықтырулар енгізудің мүмкіндігі молайды. Жұртшылықтың көкейіндегі өзекті мәселелер де шешімін таба бастады. Мәселен, ауызсу тапшылығы түйткілі қозғалып, латын әліпбиі, салық кодексі сынды бірқатар маңызды құжат қаралды.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

– Елбасымыз бізге әрқашан халықпен тікелей жұмыс жүргізіп, елімізді жаңғырту мақсаттарын түсіндіру туралы нақты тапсырмалар беріп келеді. Сондықтан әрбір ауылға, әрбір қалаға барып, барлық бастамаларды және оларды заң жағынан қолдау жұмыстарын азаматтарға жеткізу – ол біздің басты міндетіміз.

Депутаттар тек мемлекеттік органдар әзірлейтін заңмен шектеліп қана қоймай, өз жобаларын дайындап, ұсынатын болды. Үшінші сессияда мұндай 12 құжат қаралды.

Балаларды денсаулығы мен дамуына зақым келтіретін ақпараттан қорғау туралы құжат та соның қатарында. Мәжіліс бүгін осы жобаны қызу талқылап, телевизиялық арналарда мұндай контенттің көрсетілу уақыты жайында сөз қозғады. Жаңа заң бұл бағыттағы көптеген мәселенің шешімін табуға сеп болмақ.

Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Заң жобасында бұл саладағы әлемдік тәжірибе Қазақстандағы ақпараттық ахуалға сәйкестендірілген және айналымдағы жоқ құқықтық ұғымдар енгізіліп отыр. Ең алдымен, белгілі жас топтарындағы балалар арасында қандай ақпарат таратуға тыйым салынатыны және шек қойылатындығы айқындалды. Ол үшін балаларға арналған өнімнің жас сыныптамасы және жас санаты деген ұғымдар енгізіліп отыр.

Балаларды жағымсыз ақпараттан қорғауды әлемнің көптеген елі қолға алған. Украина, Ресей, Әзербайжан, Латвия, Өзбекстан сынды көршілес мемлекеттер де осы жағдайға алаңдаулы. Елімізде бұл заң биыл ғана қарастырыла бастады. Бүгін депутаттар жобаны бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат жаңа жылда қабылдануы мүмкін.

 

Авторлары: Дариға Ташенова, Ғани Алшымбаев

Хабар 24 телеарнасы