386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сарапшылар: Елбасының АҚШ-қа ресми сапары – тарихи оқиға

  • 587
  • UPD: 22:39, 17.01.2018

Президенттің АҚШ-қа жасаған ресми сапары – тарихи оқиға. Ақорда мен Ақ үй басшыларының кездесуінен кейін қос ел арасындағы стратегиялық серіктестік деңгейі жаңа сатыға көтеріліп, экономикалық байланыс жандана түседі.

Және еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымыныңь Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі әлем үшін маңызды. Себебі осы кезге дейін Қазақ елі түрлі шиеленісті қантөгіссіз-ақ шешуге болатынын дәлелдеді. Сондықтан Ауғанстан мен Орталық Азия елдері төраға мемлекеттен бұл жолы да маңызды бастамалар күтеді.  Қазақстан  Президентінің бұл сапары зор мәнге ие. Аузы дуалы сарапшылар осындай орамды ойын жеткізді.

Ануар Аязбеков, Мемлекеттік басқару академиясы жанындағы Дипломатия институтының директоры:

- Мемлекет басшысының АҚШ-қа жасаған жетінші ресми сапары зор стратегиялық маңызға ие. Себебі екі ел президенттері жалпы құны 2,5 миллиард доллар болатын келісімге қол қойды. Бұл дегеніңіз қос елдің экономикалық байланысы одан әрі нығая түседі деген сөз. Тағы бір атап өтер жәйт Дональд Трамп Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше құрмет көрсетті. Ақ үй басшысы Қазақстан Президентін  әріптестен бөлек, дос ретінде қабылдайтынын жаһан жұртына жария етті. Бұл екі мемлекеттің ынтымағын бекемдей түсетін сөзсіз.

Нұрлан Сейдін, саясаттанушы:

- Қазақстанның халықаралық ұйымдарға төрағалық етуде тәжірибесі мол мемлекет. 90-жылдардың басында Елбасымыз БҰҰ мінберінде тұрып, Азиядағы қауіпсіздік мәселесін көтеріп, соның нәтижесінде Азиядағы өзара сенім шаралары жөнінде кеңес құрылған болатын. Ол бүгінде қарқынды жұмыс істеп тұрған халықаралық ұйым. Осындай қарқынымыз, осындай бағытымыз мына төрағалық барысында да БҰҰ қауіпсіздік кеңесінде, ары қарай жалғасын табатын болады. Сондықтан біздің еліміз бұған үлкен дайындықпен келіп отыр.

Рүстем Бурнашев, саясаттанушы: 

- Ауғанстандағы жағдай мен Орталық Азия елдерінің әріптестік мәселесін Қазақстан іс-жүзінде ұдайы ғаламдық деңгейде көтеріп, халықаралық қауымдастықтың талқысына салып келеді. АҚШ Президентімен кездесуде «5+1» форматы жайында және осы форматқа Ауғанстанды тарту мүмкіндіктері сөз болды. Бұл мәселені Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінде де көтеріп, талқылап келеді. Қазақстан қазіргі таңда Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі және оған төрағалық етіп отыр. Яғни, Қазақстанның 90-шы жылдардың басынан бастап, бүгінгі күнге дейін қауіпсіздік мәселелеріне қатысты жүйелі көзқарас танытып, стратегиялық бағытты ұстанып келе жатқанын көріп отырмыз.

Хабар 24 телеарнасы