389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сочиде Сирия ұлттық диалогының конгресіне 1600-ге жуық делегат қатысуда

  • 677
Сочиде Сирия ұлттық диалогының конгресіне 1600-ге жуық делегат қатысуда

Сочиде Сирия ұлттық диалогының конгресі өтіп жатыр.

Кездесуге 1 600-ге жуық делегат келген. Оның ішінде Сирия үкіметінің, ішкі және сыртқы оппозицияның өкілдері, ақсақалдары және түрлі топ мүшелері бар.

Кейбір қатысушылардың кешігуі себепті Сочидегі конгресс екі жарым сағатқа кеш басталды. Бұл кездесудің негізгі мақсаты – Сирияда конституциялық реформаны жүзеге асыру.

Сергей Лавров, Ресей сыртқы істер министрі:

- Сирия халқы ғана өз елінің болашағын айқындауға құқылы екенін ескере отырып, Астана процесіндегі әріптестер, Иран мен Түркия, ықпалды араб мемлекеттері, Сириямен көршілес елдер бірлесе отырып, жиынды өкілетті шара ретінде өткізуге тырыстық.

Сирия жөніндегі Женевадағы алғашқы кездесу осыдан алты жыл бұрын өткен. Женева алаңына қосымша 2017 жылдың қаңтарында Астана процесі іске қосылды. Алты жыл ішінде алғаш рет Сирия қарулы оппозиция өкілдерінің келіссөз үстеліне отырғаны Астана процесінің басты ерекшелігі болып отыр.

Ферас әл-Мардини, сириялық журналист:

- Сочидегі конгресс Астана процесі тәрізді жемісті боларына күмәнім бар. Бірақ бұл кездесуде тараптардың келісімге келу дайындығын білу маңызды. Астанадағы бірінші раундта қарулы оппозицияның қатысқысы келмегені естеріңізде  болар. Алайда ол кейін дипломатиялық келіссөздің тиімділігіне барлық тарапты сендіре алды.

Сирия халқының өзі Астанадағы алаңның басты жетістігі деэскалациялық  4 аймақтың құрылуында екендігін тілге тиек етіп отыр.

Ферас  әл-Мардини, сириялық журналист:

- Астана процесі Сирия халқы үшін өте маңызды. Қауіпсіздік аймағы құрылған соң тұрғындардың тұрмысы жеңілдеді. Бейбіт өмірдің не екенін түсінді. Сауда-саттық қалпына келіп, адамдар болашаққа сеніммен қарай бастады.

Халид Абдурахман, саясаттанушы:

- Осы күнге дейін Сирия жөнінде өткізілген келіссөздер ішінде Астана процесі ең нәтижелі алаң деп есептеймін. Шын мәнінде,  Сириядағы қақтығысты реттеудегі қабылданған маңызды шешім деэскалацияның төрт аймағының құрылуында. Бұдан басқа  шешімдер іс жүзінде әлі жүзеге аспаған еді.

Конгреске қатысушылар Сириядағы жағдайды тұрақтандырудағы делдал ретінде Қазақстанның рөлін ерекше атап өтті. Таяу Шығыс бойынша  жетекші Ресей сарапшыларының бірі Виталий Наумкиннің пікірінше, Қазақстан – Еуразия кеңістігіндегі беделді ойыншы. Себебі Батыс елдерінің де, ислам әлемінің де сеніміне ие. Сондықтан да Астана алаңы Сирия шиеленісі бойынша көптеген делегаттың басқосуына мүмкіндік береді.

Виталий Наумкин, РҒА шығыстану институтының ғылыми жетекшісі:

- Әскери тақырыптар, оның ішінде соғыс қимылдарын тоқтату, әскери тұтқындармен алмасу, саяси тұтқындардың босатылуы, минаны тазарту сынды өткір мәселелер Астана ұсынған алаңда талқыланып жатыр. Женевадағы келіссөздерде оны жіті талқылау мүмкін емес.

Сирияның жаңа конституциясы елдің егемендігі, бірлігі және аумақтық тұтастығы қағидаттарына сүйеніп жүзеге асатын болады.

Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы